Бүгін таңертең Орал қаласында 5 және 7-сыныпқа арналған орыс тілі оқулығының мазмұнына наразы ата-аналар қонақүйлердің бірінде жиналыс өткізбекші болды. Олар бірінші тоқсанның қорытындысын жасауды жоспарлаған. Алайда қонақүй әкімшілігі соңғы сәтте оларға орын беруден бас тартты. Бұл әрекеттерін қонақүй өкілдері "техникалық себеппен" түсіндірді.
Қонақүй жанында таң атқалы полицияның бірнеше көлігі тұрды.
Жиналысты ұйымдастырушылардың бірі Лилия Хасанованың сөзінше, «ата-аналар наразыларды да, разыларды да тыңдап, пікір алмаспақ болған».
Жиналысты ұйымдастырушылардың бірі, заңгер Шәкір Суханбердинді таңертең полицияға шақырды. Оны төрт сағат бойы қорғануға құқығы бар куәгер ретінде тергед3. Суханбердин өзінің үстінен Батыс Қазақстан облысының (БҚО) ішкі істер департаментіне біреулердің "ұлтаралық арыздық қоздырды" деп арыз түсіргенін айтады. Полиция қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша іс қозғады.
Он шақты ата-ана мен ұйымдастырушы белсенділер оқулықтардың мазмұны туралы жиналыстарын жергілікті «Уральская неделя» газеті редакциясында өткізуге мәжбүр болды.
БҚО ішкі істер департаменті баспасөз қызметі өкілдері Азаттық тілшісіне ақпаратты кейінірек беретіндерін айтты.
Қыркүйек айында Орал қаласында 20-ға жуық ата-ана 5 және 7-сыныптарға арналған орыс тілі оқулықтарының мазмұнына наразы болып, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазған еді. Олар оқулықтардың мазмұнын «идеологиялық тұрғыда зиянды» әрі «деструктивті» деп бағалайды.
Биылдан бастап Қазақстанның орыс мектептерінің 5 және 7-сынып оқушылары орыс тілін жаңарған бағдарламамен оқуға көшкен. Ол бағдарламаны әлеуметтік желіде сынаушылар көбейген. Білім және ғылым министрлігі бұл сынды "орынсыз" деп атаған. Министрлік полициядан сынаушыларды жауапқа тартуды да сұраған болатын.