Қазақстан бойынша денге безгегін жұқтырған бес адамның үшеуі Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны. Шетелде демалып келген Солтүстік Қазақстан облысының үш тұрғынынан денге безгегі анықталды. Биылғы жылы Солтүстік Қазақстан облысында денге безгегін жұқтырған үш адам тіркелді. Індет жұқтырған ерлі-зайыпты Тайландтан елге оралған соң әлсіздік пайда болып, дәрігерге көрінген. Үшінші адам денге безгегін Вьетнамға барғанда жұқтырған.
- Үш адам да безгек маса шаққан соң жұққан болуы мүмкін екенін айтады. Денге безгегі - жәндіктер шаққан кезде таралатын аса қауіпті вирустық инфекция. Аурудың негізгі белгілері - дене температурасы 30-40 градусқа дейін көтеріледі, адам қалтырайды, басы ауырады, бұлшық ет пен буын аурулары сезіліп, лимфа түйіндері көбейеді,- деді карантинді және аса қауіпті инфекцияларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Толқын Қаженова.
Тайландқа барған ерлі-зайыпты Қазақстанға оралған соң бірден мамандардың көмегіне жүгінген. Ал індетті жұқтырған үшінші азамат екінші күннен кейін дәрігерге қаралған. Дәрігерге көрінген азаматтарға уақытылы көмек көрсетіліп, үшеуі де бірінші қалалық аурухананың инфекция бөліміне жатқызылған.
- Олар ең бірінші жеке клиникаға барып, оларға жедел респираторлық-вирустық инфекция диагнозы қойылған. Кейін барлығы екінші қалалық емханаға жіберілді, оларға инфекционист дәрігер денге безгегі деген диагноз қойды. Кейін олар бірінші қалалық аурухананың инфекция бөліміне жатқызылды, - деді Толқын Қаженова.
Петропавлда денге безгегін анықтау үшін қан сарысуына зерттеу жасайтын зертхана жоқ. Сондықтан қан талдауы Астана қаласында жасалады. Екі күннен кейін талдау нәтижелері шығып, диагноз расталды.
Республикалық санэкспертиза орталығының мәліметінше, биыл Қазақстанда денге безгегі бес адамда анықталған. Үш адам Солтүстік Қазақстан облысынан, қалған екеуі Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарынан.
Денге безгегі Американың 23 елінде, Африка, Азияның оңтүстік-шығысындағы 14 елде және басқа мемлекеттерде таралған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, денге безгегін жыл сайын 50 миллионнан астам адам жұқтырып, 20 мыңға жуық адам қайтыс болады.