Египет президенті Абдель Фаттах әл-Сиси Иранмен тәжікелесіп отырған Сауд Арабиясын қолдайтынын, бірақ екі қарсылас арасындағы шиеленіс ашық әскери текетіреске ұласып кеткенін қаламайтынын мәлімдеді. Бұл туралы әл-Сиси 8 қарашада Египеттің Шарм-әл-Шейх қаласында журналистермен кездесуінде айтты. Ол аймақтық екі держава арасындағы шиеленістің түйіні шешілгені маңызды екенін айтты. "Мен соғысты қолдамаймын. Біз дағдарысты диалог арқылы шеше аламыз. Аймақта тұрақсыздық пен қатерлер қазірдің өзінде жетерлік. Бізге Иран мен "Хезболла" тартылатын жаңа шиеленістің қажеті жоқ" деді әл-Сиси Тегеранның Сирия мен Ливандағы одақтастарын меңзеп.
Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мохаммед бин Салман осы аптада Иранды Йемендегі көтерілісшіл хуситтерге зымыран жеткізіп отыр деп айыптаған. Ол мұндай қолдауды "Ирандағы биліктің тікелей әскери басқыншылық жасауы" деп қабылдайтынын мәлімдеген. Ол сонымен қатар "Хезболла" ұйымын Сауд Арабиясына "соғыс ашып отыр" деп айыптаған.
Иран президенті Хассан Роухани 8 қарашада бұған жауабында Иранға доқ көрсетуден нәтиже шықпайтынын ескерткен. "Сіздер Ислам республикасының күш-қуатын білесіздер. Сіздерден де күштілер Иран халқына қарсы дым да істей алмаған. АҚШ пен оның одақтастары барлық мүмкіндігін пайдаланып, ешнәрсеге қол жеткізе алмаған" деді Роухани Тегеранда министрлер кабинетінің жиынында.
Сауд Арабиясы мен АҚШ бұған дейін Йемендегі хуситтер 7 қарашада Сауд Арабиясы территориясына атқан зымыранды Иран жеткізді деп айыптаған. 7 қарашада АҚШ-тың бастамасы бойынша бұл мәселе БҰҰ қарауына ұсынылған.