Ресей президенті Владимир Путин сенбі күні Оңтүстік-Шығыс Азия елдері саммиті өткен Вьетнамның Дананг қаласында берген баспасөз мәслихатында АҚШ билік орындарының ресейлік баспасөз құралдарына қатысты іс-әрекетін "сөз бостандығына шабуыл" деп атады. Путин бұл жағдайға қатысты өзінің "түңілгенін" айтқан. Оның сөзінше, Ресей тарабы АҚШ жағының іс-әрекетіне міндетті түрде жауап қайтарады және ол "айна-қатесіз" жауап болмақ.
Сонымен бірге Владимир Путин қазіргі кезде АҚШ-та 2016 жылы өткен президент сайлауына Мәскеудің ықтимал араласуына қатысты жүріп жатқан тексеруге байланысты бұған дейін айтқан сөзін тағы қайталаған. "Сайлау науқанының барысына ресейлік БАҚ араласқаны туралы ешқандай дәлел жоқ және болуы мүмкін емес", - деп мәлімдеген Путин.
Бұған дейін, жұма күні Ресей мемлекеттік думасы шетел агенттері туралы заңға байланысты "шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарын шектейтін" шаралар әзірлеп жатқаны туралы хабарланған. Ол шаралардың шетелден қаржыландырылатын редакциялар қызметіне қатысы болады деп мәлімдеген Ресей парламенті төменгі палатасы жетекшісінің орынбасары Петр Толстой.
9 қарашада Ресей мемлекеттік думасы спикері Вячеслав Володин Ресейдегі америкалық бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін шектейтін заң келесі аптада қабылдануы мүмкін деп мәлімдеген.
Бұған дейін Ресей президенті Путин мен өзге де билік өкілдері егер АҚШ билігі Ресей мемлекеттік Russia Today (RT) телеарнасының АҚШ-тағы бөлімін шетел агенті ретінде тіркелуге мәжбүр ететін болса, онда Ресейде жұмыс істейтін америкалық бұқаралық ақпарат құралдарына (олардың арасында "Азат Еуропа/Азаттық" радиосы пен "Америка дауысы" радиосы бар) қарсы "жауап шаралар" қабылдауға әзір екендері туралы бірнеше рет мәлімдеген.
Вашингтон АҚШ-тағы шетел агенті туралы заң ресейлік заңнан анағұрлым өзгеше және ақпарат еркіндігін еш шектемейтіні туралы айтқан.