Accessibility links

Күдікті Жақыпов сотта Бишімбаевқа қарсы куәлік берді


Сотта оқшау камерада отырған Қуандық Бишімбаев. Астана, 7 қараша 2017 жыл.
Сотта оқшау камерада отырған Қуандық Бишімбаев. Астана, 7 қараша 2017 жыл.

Қазақстанның бұрынғы ұлттық экономика министрі, "ірі көлемде пара алды" деп айыпталған Қуандық Бишімбаевтің сотында сейсенбіде "Бәйтерек DEVELOPMENT" компаниясы басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Аслан Жақыпов жауап беріп, "пара алғанын" мойындады деп хабарлайды жергілікті агенттіктер.

Аслан Жақыпов сотқа пара алды деген күдікпен тартылып отыр. Жақыпов сотта "пара алатын қылмыстық қитұрқылыққа қалай ұрынып қалғанын" айтты.

Жақыповтың сөзінше, ол 2016 жылы жазда "Бәйтерек DEVELOPMENT" компаниясының басқарма төрағасы Бақыт Жақсыбаев және «НУХ Бәйтерек» компаниясының басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев құрған "пара алатын қылмыстық қитұрқылыққа шалдыққан". Ол сотта "осы қитұрқылықтар" бойынша тұрғын үйлер салатын құрылыс компанияларынан өзінің және Бишімбаев пен Жақсыбаевтың және тағы екі сотталушының "пара алғанын" айтты.

"Жасаған қылмысыма өкінемін, алғашқы күннен бастап тергеуге дұрыс ақпарат беріп келем" деді Жақыпов.

31 қазанда өткен алдын ала сот тыңдауында бұл іске қатысы бар бірнеше адам, оның ішінде Аслан Жақыпов "кінәсін мойындаған". Жақыповтың адвокаты Галина Әлімғожина оның прокурорлармен келісімге келуге ниетті екенін айтқан.

Қуандық Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамайды. Бұрынғы ұлттық экономика министрі мен жанындағы жиырма екі адамға "Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша салынған үйлердің құрылысын жүргізуге байланысты компаниялардан ірі көлемде пара алды деген айып тағылған.

Қуандық Бишімбаев 2016 жылы ұлттық экономика министрі қызметін сегіз ай атқарған. Қазір ол Астана қалалық ішкі істер департаментінің уақытша қамау изоляторында отыр. 2017-жылдың 10 қаңтарында ол топ болып алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі көлемде бірнеше рет пара алу фактісі бойынша ұсталған. Тергеу барысында Бишімбаевтің қамау мерізімі бірнеше рет ұзартылған. Тергеу ісі 10 айға дейін жалғасты. Қылмыстық іс 250 томға жетті. 23 айыпталушының әрқайсында кемінде екі адвокаттан бар.

XS
SM
MD
LG