Оңтүстік Қазақстан облысында 16 қарашада терроризмді насихаттады және діни алауыздықты қоздырды деген күдікпен Сайрам ауданы мен Шымкент қаласының 11 тұрғыны ұсталды деп хабарлады бейсенбіде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) баспасөз қызметі. ҰҚК ақпаратына қарағанда, күдіктілер облыстық ҰҚК департаменті мен ішкі істер органдары бірлесіп жүргізген арнайы операцияда ұсталған.
Арнайы қызметі күдіктілер WhatsApp және Telegram мессенджерлерінде және әлеуметтік желілерде ДАИШ ("Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымының араб тіліндегі атауының қысқарған түрі) пен басқа да халықаралық террорлық ұйымдардың "экстремистік идеологиясын насихаттайтын материалдар таратқанын" айтады. "Экстремистік материалдар желілердегі жалпы саны 400 адамы бар 24 топта жарияланған" делінген ҰҚК ақпаратында.
Оқиға бойынша тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.
Оңтүстік Қазақстан облысында соңғы үш айда терроризм күдігімен осымен екінші рет топ адам ұсталып отыр. Қыркүйектің 19-ы күні Шымкентте "қылмыстық топ құрған деструктивті діни ағым мүшелері" деген күдікпен үш адам ұсталған болатын. Кейін олар "терроризмді насихаттау" және "діни араздықты қоздыру баптары бойынша істі болып, екі айға қамалған.