Accessibility links

Земан "Звезданың" Чехословакияға басып кіру туралы сюжетін сынады


Чехия президенті Милош Земан Ресей-Чехия экономикалық форумында сөйлеп тұр. Мәскеу, 22 қараша 2017 жыл.
Чехия президенті Милош Земан Ресей-Чехия экономикалық форумында сөйлеп тұр. Мәскеу, 22 қараша 2017 жыл.

Чехия президенті Милош Земан "Звезда" телеарнасының СССР-дің 1968 жылы Чехословакияға басып кіргені туралы хабарын сынап, Ресей басшылығын телеарнадан "бойын аулақ ұстауға" шақырды. Бұл туралы Чехия президентінің баспасөз қызметі хабарлады.

Милош Земан Мәскеуге Ресей-Чехия экономикалық форумына қатысуға барды. Форумда сөйлеген Земан сөзін "Звезда" телеарнасындағы материалды сынаудан бастады. Ол материал авторын "тауықтың миындай ғана миы бар журналист" деп атады. Телеарнада 21 қарашада шыққан сюжетте 1968 жылы СССР-дің Чехословакияны басып кіріп, оған "көмектескені" айтылады. Земан сюжетті "пасықтықпен жасалған арандату" деп атады.

"Звезда" телеарнасындағы материалға Чехия сыртқы істер министрі Любомир Заоралек те назар аударды. Ол Кремльмен байланысы бар ресейлік БАҚ-ты тарихты бұрмаламауға шақырды. Қазір 1968 жылғы оқиғалар туралы материал "Звезда" сайтынан жойылған.

1968 жылы 21 тамызға қараған түні Чехословакияға Варшава келісіміне кіретін елдердің 300 мың әскері мен жеті мың танкі басып кірген. СССР-дің ол басқыншылықта алдына қойған басты мақсаты - "Прага көктемі" деп аталған демократиялану процесін болдырмау болған. Чех тарихшыларының есептеуінше, совет басқыншылығы салдарынан Чехословакияның 127 азаматы қаза тауып, 500-ден астам азаматы жараланған.

XS
SM
MD
LG