Францияда ұсталған Ресей Федерация кеңесінің Дағыстаннан сайланған мүшесі Сулейман Керимовке салық төлеуден жалтарып, жасырып қалған қаржысының ізін жапты деген айып тағылды. Бұл туралы Францияның Ницца қаласының прокуроры Жан-Мишель Прэтр хабарлады. Керимов өзіне тағылған айыпты мойындамайды.
22 қараша күні кешке сот Керимовті бес миллион еуро кепіл төлеп босатуға шешім қабылдады. Тергеу аяқталғанға дейін оған Теңіз жағасындағы Альпі департаменті аумағынан шығуға және француз әділет органдары тізімге алған адамдармен сөйлесуге тыйым салынды. Бұдан өзге, ол Ресей паспортын тапсырып, тергеу аяқталғанша апта сайын полицияға көрініп тұруы тиіс.
Керимов 20 қарашада Ницце әуежайында ондаған миллион еуроны жымқырды және салық алаяқтығын жасады деген күдікпен ұсталған. Le Figaro басылымының жазуынша, Керимов Францияның оңтүстік-шығыс жағалауларынан жылжымайтын мүлік, оның ішінде ресейлік олигархтар арасында тамынал Антиб түбегінен виллалар сатып алуда делдалдар мен компаниялар жүйесін құрған. Le Figaro дереккөзі салық төлемін азайту үшін сатып алынатын жылжымайтын мүліктердің бағасы әдейі төмендетілгенін айтады. Бірақ тергеу құжаттарында ресейлік сенатордың аты аталмаған. Басылым Керимовтің ісі бойынша төрт адамның ұсталғанын айтады. Олардың аты-жөндері жарияланған жоқ.
Ресей ішкі істер министрлігі Франция билігінің әрекеттерін заңсыз санайды. Министрлік Керимовтің ресми адам екенін және дипломатиялық қол сұғылмаушылық құқығы барын айтады. Кремль Керимовтің "заңды мүдделерін" қорғау үшін барлық шараны жасауға уәде берді. Ресми Париж Керимовтің дипломатиялық қол сұғылмаушылық құқығының әрекет ету шегін француз соты анықтайтынын мәлімдеді.
Сулейман Керимов Федерация кеңесінің 2008 жылдан бері депутаты. 2016 жылы ол "Ресейдегі ең бай 200 бизнесмен" рейтингісінде 1,6 миллиард доллар байлықпен 45-орынды иеленген.