Accessibility links

Министр Абаев аштық жариялаған журналисті қабылдауға келісті


Журналист Данияр Молдабеков наразылық акциясын өткізіп тұр. Алматы, 25 қараша 2017 жыл.
Журналист Данияр Молдабеков наразылық акциясын өткізіп тұр. Алматы, 25 қараша 2017 жыл.

Қазақстанның БАҚ туралы заңына жаңадан енгізіліп жатқан өзгертулерге қарсылық білдіріп, ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевпен кездесуді талап етіп Алматыда бүгін жалғыз адамдық пикетке шыққан жергілікті журналист Данияр Молдабековті министр қабылдауға келіскен. Бұл туралы Азаттыққа журналистің өзі хабарлады.

Оның айтуынша, аштық акциясын өткізіп тұрған жерінен Алмалы аудандық ішкі істер бөліміне жеткізгеннен кейін полиция журналистің жеке мәліметтерін жазып алып, өзін босатқан.

"Маған ақпарат және коммуникация министрінің көмекшісімін деп таныстырған адам телефон соғып, министр Абаев алдағы аптада қабылдауға әзір екенін айтты. Министрлік талабымды тыңдауға келіскендіктен аштық акциясын тоқтатамын", - деді Азаттыққа vlast.kz интернет басылымының тілшісі Данияр Молдабеков.

Сенбі күні Алматының орталығындағы Панфилов көшесінде наразылық акциясын өткізген журналист қандай талабы барын Азаттыққа телефонмен айтып берген еді.

"БАҚ туралы заңға кейбір түзетулер, әсіресе қылмыс туралы деректі тапқан журналист оны жариялау үшін ықтимал жемқордың келісімін алуы туралы бапты қабылдауға қарсымын. Бұл түзетулер журналист ретінде менің және әріптестерімнің кәсіби қызметін жояды және жемқорлыққа ешқандай төзімділік танытылмайды деген биліктің мәлімдемесін жоққа шығарады, - деді ол.

Данияр Молдабеков өзі көтерген мәселеге байланысты ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевтың онымен кездесуін, әйтпесе телефон арқылы болсын сөйлесуін талап етіп, талабы орындалғанша судан басқа нәр татпай аштық жариялайтынын мәлімдеген.

Екі сағаттан аса уақыт өткенде наразылық акциясы өтіп жатқан жерге келген полиция қызметкерлері журналисті алып кеткен болатын.

Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев Facebook-тегі парақшасына: "Министрлік Данияр Молдбековпен хабарласты. Алдағы аптада онымен кездесіп, заң түзетулерін талқылауға келісілді" деп жазған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: БАҚ туралы заң жобасындағы екі «даудың» жай-жапсары

Осы аптада Қазақстан парламентінің мәжілісі мақұлдап, сенатқа жолдаған БАҚ туралы заң жобасын БАҚ өкілдері мен құқыққорғаушылар сынаған. Олар жобадағы журналистерді зерттеу жүргізгенде, соның ішінде жемқорлықты әшкерелейтін материалдар әзірлегенде олардың кейіпкерлерінен коммерциялық, банк және жеке деректерін жариялауға рұқсат алуға міндеттейтін талап журналистің кәсіби қызметін атқаруына тұсау салады деп санайды.

XS
SM
MD
LG