Астанада сейсенбі күні үкіметте Қазақстанның 2025 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспары таныстырылды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.
Жоспарды таныстырған ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, құжатта 2025 жылға дейінгі Қазақстан экономикасының дамуы мен халықтың әл-ауқатын көтеру жайы қаралған. Жоспар бойынша, 2025 жылға дейін Қазақстанда ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) көлемін жан басына шаққанда қазіргі 26700 доллардан 46 мың долларға дейін жеткізу, халықтың табысы ең аз 40 пайызының табыс көлемін 22,8 пайыздан 27 пайызға дейін көбейту, өңірлер арасындағы жалпы аймақтық өнім бойынша алшақтықты 3,2 пайыздан 2,7 пайызға дейін азайту қарастырылған.
Бұған қоса, 2025 жылға дейін жалпы экспортағы шикізаттық емес тауар мен қызмет көрсету экспортының үлесін 44,6 пайыздан 50 пайызға, ІЖӨ-дегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін 26,8-ден 35 пайызға дейін арттыру көзделген.
Стратегиялық жоспар бойынша, 2025 жылға дейін халықтың өмір сүру жасының ұзақтығы 72-ден 75 жасқа дейін ұлғайтылуы тиіс.
Стратегияда алдағы жеті жылда "мемлекетке берілген, бәсекеге қабілетті әрі алғыр адамдардың біртұтас ұлтын қалыптастару", "мемлекеттік органдарды азаматтарға көбірек жұмыс істейтіндей қылу", "банк секторын орнықты ету", "судьяларды коррупциядан арылту" мақсаты да қойылған.