Ақтау қалалық №2 cоты Маңғыстау облысы әкімдігінің өтініші бойынша "Әлеуметтік жатаханада" тұрып жатқан оралмандарды шығару және олардан материалдық шығын өндіру туралы талап арызын қараусыз қалдырды.
Маңғыстау облысына Иран, Түркіменстан және Өзбекстаннан көшіп келген оралмандардың бір тобына қатысты облыс билігі түсірген талап арыз 27 қарашада қарала бастаған.
Жатақхана директоры Насыреддин Қожырбаев оралмандарды "Әлеуметтік жатақханадан" шығару және олардан материалдық залал өндіру туралы Ақтау қалалық №2 сотына түсірген арызын 28 қарашада кері қайтарып алды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Қазақстандағы оралмандар туралы Азаттықтың мақалалары
- Облыс әкімдігінде әлеуметтік комиссия құрылып жатыр. Мына іс қыс кезінде қаралып жатыр. Осыған байланысты облыс әкімдігінен маған келіп түскен хат бар. Сондықтан арызымды қараусыз қалдыруды сұраймын, - деді ол сот кезінде.
Жатақхана директоры сот залындағы оралмандарға істің әлі бітпегенін, комиссия қорытынды шығарған соң қайта арызданатынын ескертті.
Судья Қазила Сағындықова Қожырбаевтың арызын қанағаттандыру туралы сот ұйғарымын жария етті.
Отырысқа оралмандар құқығын қорғау үшін алматылық заңгер Маржан Аспандиярова да қатысты. Ол жатақхана дауын тудырған фактор Маңғыстау облысы әкімдігінің оралмандар квотасына қатысты заң талаптарын орындамауы деп ойлайды.
- Ақпараттық насихат жұмыстары оралмандарға жүргізілмеген. Бұл кісілер құқықтық жағынан сауатсыз. Қазақстанда орысша білмеген адамның мемлекеттік қызметтегілермен сөйлесуі осы күнге дейін қиын. Оралмандарға тиесілі жеңілдіктер, бейімдеу орталығының әлеуметтік жатаханаға айналғанын, мойындарына жарты миллион теңгеге дейін қарызы бар екенін олар сотта бір-ақ білді, - дейді Маржан Аспандиярова.
Оралмандарға қатысты сот процесі қыркүйек айында басталған. Оралмандар өздерін алты-жеті адамнан бөліп сотқа тартып жатқандарын айтады. Иран, Түркіменстан және Қарақалпақстаннан келген оралмандардың тағы бір тобына қатысты сот процесі қарашаның 30-ында басталады.
Ақтау қаласындағы 2010 жылы салынған «Оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы» 2016 жылдың желтоқсанынан бастап аты өзгеріп, «Әлеуметтік жатақхана» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне айналған. Оның тікелей құрылтайшысы - Маңғыстау облысының әкімдігі. 200 отбасына арналған бұл мекенде соңғы мәлімет бойынша 139 оралман отбасы, 675 адам тұрып жатыр. Олардың көпшілігі Өзбекстан мен Түркіменстаннан көшіп келген этникалық қазақтар.