Accessibility links

Алматыда белсенді "терроризмді насихаттау" айыбымен 2 айға қамалды


Жанар Балғабаева, адвокат
Жанар Балғабаева, адвокат

Алматының Алмалы аудандық соты белсенді Алмат Жұмағұловты екі айға қамау туралы шешім шығарды. Бұл туралы Азаттық тілшісіне белсендінің адвокаты Жанар Балғабаева хабарлады. Адвокат сот қарашаның 29-ы күні кешке өтіп, сағат тоғыз жарымға дейін жалғасқанын айтады.

Авдокаттың айтуынша, 43 жастағы Алмат Жұмағұловқа Қылмыстық кодекстің 256-бабы 2-пункті (" Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру") бойынша айып тағылып отыр. Ол іс бойынша күдікті деп танылған. Жұмағұловпен бірге бұл іс бойынша Оралбек Өміров, Кенжебек Әбішев күдікті ретінде танылған.

Құқық қорғаушы Ерлан Қалиев Азаттыққа Алмалы аудандық соты 29 қараша күні кешке Алмат Жұмағұловпен бірге Оралбек Өміров пен Кенжебек Әбішевті де екі айға қамағанын хабарлады. Азаттық бұл ақпаратты Алмалы аудандық сотынан анықтай алмады.

Адвокат Жанар Балғабаеваның айтуынша, Алматы полициясы бүгін белсенді Сүйіндік Алдабергеновті де жауап алуға шақырған. Ол таңғы сағат 10-нан бері полицияда отыр.

Құқық қорғаушылар мен белсенділердің әлеуметтік желілерде хабарлауынша, бүгін Алматы полициясы осы іс бойынша белсенділер Геройхан Қыстаубаев, Марат Уатхан, Құрал Медеуов, оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин, журналист Рысбек Сәрсенбайұлын тергеуге шақырған.

Бұған дейін Алматы полициясы "қоғамдық тәртіпті бұзатын" акция ұйымдастырмақ болды деген күдікті топтың ұсталғанын мәлімдеген. Алматы қалалық ішкі істер департаментінің (ІІД) ресми өкілі Салтанат Әзірбек "Терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру" бабы бойынша тергеу басталғанын хабарлаған.
Полиция бұл іс бойынша күдіктілер - 47 жастағы О.Өміров, 43 жастағы Қ.Әбішев және "топ жетекшісі" 51 жастағы А.Жұмағұлов ұсталды деген ақпарат таратқан. Тергеу болжамынша, күдіктілер аты аталмаған "тіркелмеген қоғамдық ұйымды жамылып" Алматыда "қоғамдық тәртіпті бұзу, халықтың үрейін алу және құқық қорғау органдарының жұмысына саботаж жасау" акцияларын ұйымдастырмақ болған.
Салтанат Әзірбектің сөзінше, бұл іс бойынша үгіт-насихат материалдары, электрондық ақпарат тасылмалдағыш, әдебиет пен "қарулы "жиһадқа" шақыратын" видео тәркіленген.

ІІД болжамынша, "тексеріліп жатқан бір нұсқа бойынша, аталған топ Қазақстан сотынан жасырынып, шетелде жүрген қылмыстық элементтердің нұсқауы бойынша әрекет еткен".

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG