Ауғанстанның оңтүстігіндегі Гильменд уәлаятында құны 50 миллион доллар болатын апиынды қолға түсірген. Бұл туралы АҚШ және НАТО біріккен күштерінің басшысы генерал Джон Николсон мәлімдеген. Мамандардың есебі бойынша, әлем бойынша заңсыз айналымдағы апиынның 85 пайызы Ауғанстанда өндіріліп, шығарылады. Америкалық әскерилердің есебінше, "Талибан" қозғалысы қаржысының 60 пайызға жуығы заңсыз есірткі саудасынан түскен ақшадан құралады.
Қарашаның 19-ы күні басталған құрлықтағы әскери жорық барысында және әуе шабуылдары нәтижесінде героин өндірілетін зауыт-лабораториялар жойылған. Генерал Николсонның сөзінше, өзіне биыл тамызда АҚШ президенті Дональд Трамп жүктеген өкілеттік терроршыларды қаржыландыру көздеріне қарсы күресті тиімді жүргізуге мүмкіндік берген.
Қолға түскен апиын қоры толығымен жойылады деп хабарланды.
Ауғанстанның Пәкістанмен шекарасында орналасқан Гельменд уәлаяты ең ірі апиын өндіретін аудан саналады. Аймақтың көп бөлігі "Талибан" қозғалысы қарулы топтарының бақылауында. "Талибан" өкілдері апиын өндірісіне қатысы барын жоққа шығарады және өздері билікте болған кезде елде героин өндірісінің көлемі елеулі түрде азайғаны туралы айтады.