Accessibility links

Атырауда "браконьерлерден" 600 килограмнан астам балық тәркіленді


Атырауға іргесіндегі Жайық өзенінен ауланған балық.
Атырауға іргесіндегі Жайық өзенінен ауланған балық.

Атырау облысының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі территориялық инспекциясының қызметкерлері балық аулайтын құралдары және частик тұқымдас балықтары бар "браконьерлердің" ұсталғанын хабарлады. Облыстық инспекция қызметкерлері 5 желтоқсан күні кешке Атырау іргесіндегі Жайық өзенінде жүргізген рейд кезінде 200 аттың күші бар моторлы "Амур" қайығын ұстаған.

Инспекция мәліметінше, қайықта Атырау облысы Құрманғазы ауылының екі тұрғыны болған. Олардан 667 килограмм болатын частик тұқымдас балық (сазан, ақмарқа, дөңмаңдай, жайын, торта балық) пен балық аулауға тыйым салынған ау тәркіленген.

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі территориялық инспекциясының бастығы Данияр Баймағамбетовтің айтуынша, ұсталғандардың үстінен Қылмыстық кодекстің 335-бабы ("Балық, өзге де су жануарлары мен өсімдіктерін заңсыз иелену") бойынша іс қозғалған.

Атырау облысында көп көлемде заңсыз балық аулау фактісі бірінші рет ашылып отырған жоқ. Биыл 5 қарашада Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде топ адам бір тоннаға жуық бекіре тұқымдас балықпен ұсталған.

XS
SM
MD
LG