Accessibility links

Time: "Жыл адамы - ойын бүкпегендер"


Time журналының мұқабасы
Time журналының мұқабасы

АҚШ-тың апталық Time журналы сексуалдық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын көпшілік алдында бүкпей айтқан бір топ адамды "Жыл адамы" деп атады.

Биыл күзде Голливуд продюсері Харви Вайнштейнге қарсы айыптаулар #MeToo (қазақша - "Мен де") хэштегі арқылы әлеуметтік желілерде тарай бастаған. Кейін осы хештэгпен өзге жұрт та сексуалдық зорлық-зомбылықты бастан кешкен мысалдарын жаза бастап, ауқымды қозғалыс пайда болған.

Журналдың бас редакторы Эдвард Фельсенталь соңғы он жылда мұндай тез әрі ауқымды тараған хэштег хабарламаларын көрмегенін айтты. Ол бұл қозғалысты әлеуметтік құбылысқа балады.

NBC арнасының Today бағдарламасына берген сұхбатында Фельсенталь жүздеген әйел мен кейбір ер адамның өз бастарынан өткергендерін көпшілікке жайып салуға ұласқан қозғалыс жекелеген адамдардың батыл әрекеттерінен басталғанын айтады.

Басылымның жазуынша, бұл жағдайдың өзі проблеманың тұтас бейнесін емес, тек бір бөлшегін ғана көрсетеді.

Оқи отырыңыз: Әйел зорлайтындарды жақтаушылар қайдан шығады?

Журнал жариялаған суреттердегі сексуалдық зорлық-зомбылыққа ұшырағандардың әлеуметтік жағдайы әртүрлі. Олардың ішінде Голливуд жұлдыздары мен әншілерден бастап, Мексикадан келген жұмысшы, Сакраментодағы корпорация лоббисі, Uber компаниясының инженеріне дейін бар.

Time журналы 1927 жылдан бастап "жылдың басты оқиғаларына жақсы немесе жаман жағынан түрткі болғандарға" "Жыл адамы" атағын бере бастаған.

Былтыр "жыл адамы" ретінде АҚШ президенті болып жаңа сайланған Дональд Трамп танылса, 2014 жылы эболамен күресушілер, 2011 жылы Араб көктеміндегі наразылар аталған.

XS
SM
MD
LG