Accessibility links

Махмуд Аббастың Майк Пенспен кездесуден бас тартқаны хабарланды


Палестина автономиясының басшысы Махмуд Аббас телеарнадан сөйлеп отыр. 6 желтоқсан 2017 жыл.
Палестина автономиясының басшысы Махмуд Аббас телеарнадан сөйлеп отыр. 6 желтоқсан 2017 жыл.

Палестина автономиясының басшысы Махмуд Аббас осы айда Таяу Шығысқа сапармен келетін АҚШ вице-президенті Майк Пенспен кездесуге ниетті емес. АҚШ президенті Дональд Трамптың Иерусалимді Израильдің астанасы деп ресми түрде тану туралы шешіміне наразылық ретінде Аббастың кездесуден бас тартқаны туралы сенбі күні оның көмекшілерінің бірі мәлімдеген.

Бұған дейін Махмуд Аббас президент Трамптың шешімі АҚШ-тың палестин-израиль жанжалын реттеуде арағайын болу мәртебесінен айырылғанын білдіреді деп мәлімдеген болатын. Палестина басшысының сөзінше, палестиналықтар жаңа арағайынды халықаралық қауымдастық пен араб мемлекеттері арасынан іздейтін болады.

Желтоқсанның 6-сында АҚШ президенті Дональд Трамп Иерусалимді Израиль астанасы деп тану және Тель-Авивтегі АҚШ елшілігін соған көшіру туралы шешімін жариялағаннан кейін Палестина территориясы мен араб әлемінде наразылық туған. Иордан өзенінің батыс жағалауында тәртіпсіздіктер басталып, Израиль өзіне зымыран атқандарға жауап ретінде Газа секторына әуеден соққы берген. Сенбі күні ХАМАС радикалдық тобы Израильдің әуе шабуылынан Газа секторында екі адам қаза тапты деп хабарлаған. Иерусалим қаласы мен палестиналық территорияда демонстранттар мен Израиль әскері арасындағы қақтығыстар салдарынан кемінде 760 адам зардап шеккен.

АҚШ вице-президенті Майк Пенс Таяу Шығысқа желтоқсанның 25-іне дейін барады деп хабарланған.

XS
SM
MD
LG