Accessibility links

Араб елдері министрлері Трамптың шешімін айыптады


АҚШ президентінің Иерусалимді Израиль астанасы деп тану туралы шешіміне қарсы наразылық акциясында тұрған адамдар. Иерусалим, 8 желтоқсан 2017 жыл.
АҚШ президентінің Иерусалимді Израиль астанасы деп тану туралы шешіміне қарсы наразылық акциясында тұрған адамдар. Иерусалим, 8 желтоқсан 2017 жыл.

Египет астанасында бас қосқан Араб лигасы елдерінің сыртқы істер министрлері АҚШ президенті Дональд Трамптың Иерусалимді Израиль астанасы деп тану туралы шешімін айыптады.

Желтоқсанның 10-ы күні жарияланған қорытынды мәлімдемеде Араб елдері сыртқы істер министрлері Трамптың шешімін "жосықсыз" деп атап, өз елдерінің басшыларын Иерусалим мәселесі бойынша шұғыл саммит өткізуге шақырған. Саммит өтетін ықтимал орын ретінде Иорданияны атаған.

Каирдегі жиын қорытындысы бойынша қабылданған қарарда АҚШ әкімшілігінің жоспарын халықаралық құқықты "бұзу" деп сипаттап, оның жойқын салдары болатыны айтылған.

Желтоқсанның 6-сында АҚШ президенті Дональд Трамп Иерусалимді Израиль астанасы деп тану және Тель-Авивтегі АҚШ елшілігін соған көшіру туралы шешімін жариялаған. Бұл шешім шынайы жағдайға сәйкес келеді деп түсіндірген Трамп сонымен бірге АҚШ палестин-израиль арасындағы келіспеушілікті реттеу ісінде арағайын болып қала беруге бейіл екенін мәлімдеген.

Трамптың Иерусалим жайлы шешіміне Палестина территориясы мен араб әлемінде наразылық туған. Иордан өзенінің батыс жағалауында тәртіпсіздіктер басталып, Израиль өзіне зымыран атқандарға жауап ретінде Газа секторына әуеден соққы берген. Сенбі күні ХАМАС радикалдық тобы Израильдің әуе шабуылынан Газа секторында екі адам қаза тапты деп хабарлаған. Иерусалим қаласы мен палестиналық территорияда демонстранттар мен Израиль әскері арасындағы қақтығыстар салдарынан кемінде 760 адам зардап шеккен.

XS
SM
MD
LG