Accessibility links

Ресей спортшылары олимпиадаға бейтарап түрде қатысуға дайын


Софья Великая, Ресей олимпиада комитеті спортшылар комиссиясының төрайымы, семсерлесуден олимпиада чемпионы. Мәскеу, 11 желтоқсан 2017 жыл.
Софья Великая, Ресей олимпиада комитеті спортшылар комиссиясының төрайымы, семсерлесуден олимпиада чемпионы. Мәскеу, 11 желтоқсан 2017 жыл.

Ресейлік спортшылар 2018 жылы Пхёнчханда (Оңтүстік Корея) өтетін қысқы олимпиадаға олимпиада туы астында қатысуға дайын. Бұл туралы мәлімдеме Ресей олимпиада комитетінің (РОК) сайтында жарияланды. Спортшылар мұндай шешімді "жеке басының мансабы үшін емес," "өз отаны, туыстары мен жақындары үшін" қабылдағанын айтады.

Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) 5 желтоқсанда Ресей құрамасын Пхёнчханда өтетін олимпиададан шеттеткен. ХОК Ресейді 2014 жылы Сочи олимпиадасы кезінде "допинг сынамаларын ауыстырды", "ел үкіметі допинг жүйесін қолдаған" деп айыптайды. ХОК бұған қоса Ресей олимпиада комитетін де жарыстан шеттетті. Ресейдің бұрынғы спорт министрі, вице-премьер Виталий Мутко да олимпиадаларға қатысу құқығынан өмір бойы айырылды.

ХОК допинг қолданбағанын дәлелдеген ресейлік спортшылардың "қатаң допинг шарттарымен" жарысқа OAR (Olympic Athlete from Russia) деген атаумен шығуына рұқсат берген. Олимпиада кезінде Ресей әнұраны мен туын қолдануға да тыйым салынған.

Ресей президенті Владимир Путин бұған дейін Кремльдің спортшылардың олимпиадаға мемлекеттік символдарсыз қатысуына кедергі келтірмейтінін мәлімдеген. Путиннің сөзінше, Ресей билігі ел құрамасын жарыстан шеттетуге "өзі түрткі болған".

XS
SM
MD
LG