Бүгін Астанада бір топ азаматтық белсенді 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы мен 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алды. Белсенділер "Атамекен" этномемориалдық кешені маңындағы Қазақстанның мемлекеттік туы ілінген флагштоктың алдына гүл қойды. Бұдан соң олар 1986 жылы Алматыда қазақ жастарының наразылығын күшпен басып-жаншыған совет билігінің және 2011 жылы Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында мұнайшылар ереуіліне жаппай оқ атқан қазақстандық полицияның іс-әрекеттерін айыптады.
Гүл қою рәсімінен кейін белсенділер Желтоқсан және Жаңаөзен құрбандарына бағыштап құран оқыды.
Флагшток маңындағы еске алу шарасын полиция өкілдері мен жай киімдегі адамдар алыстан бақылап тұрды. Жарты сағатқа созылған шарадан кейін оған жиналған белсенділер тарай бастағанда сырттай бақылап тұрған адамдар да көліктеріне мініп кетіп қалды.
Бүгін Қазақстанда тәуелсіздік күні тойланып жатыр. Сонымен бірге бұл күні елдегі кей қалаларда 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы мен 2011 жылы Жаңаөзен қаласында полиция жаппай оқ атқан кезде құрбан болғандарды еске алып жатыр.