Accessibility links

Түркіменстанда президент кітабы бойынша фильм түсіре бастады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Түркіменстанның Дашогуз аймағында ел президенті Гурбангулы Бердімұхамедов кітабының желісі бойынша көркем фильм түсіріліп жатыр. Фильмге түсуге жергілікті бюджеттік мекеме қызметкерлері тартылған. «Түркіменстан - Ұлы Жібек Жолының жүрегі» деп аталатын фильмді түсіру жұмысының басталғанына екі апта болды.

Азаттықтың Түркімен редакциясына дереккөздің хабарлауынша, фильмді түсірушілер жергілікті бюджеттік мекеме қызметкерлерін түсіру жұмысына қатысуға мәжбүрлеп жатыр. «Адамдар күні бойы қыс кезінде далада жүруге мәжбүр» дейді Дашогузда тұратын өнер қайраткерлерінің бірі.

Қалада жұмыс істейтін мұғалімнің айтуынша, фильмнің түсіру жұмысына үш бірдей ауданның қызметкерлері тартылған. «Жүз шақты киіз үй тігіліп, 50 түйені дайындады. Бюджеттік мекеме қызметкерлері қазір көшені қардан тазарту, киіз үйлерді тігу секілді қара жұмыспен айналысып жүр» дейді мұғалім.

Фильм жұмысына қатысып жүргендерге тәулігіне 40 манат (шамамен 11.3 АҚШ доллары) қаламақы беріледі. Ал күнделікті түсірілім алаңына бару үшін олар жол шығынын қалтасынан төлейді.

Президент Бердімұхамедовтің «Түркіменстан – Ұлы Жібек жолы жүрегі» деп аталатын кітабының тұсау кесер рәсімі биыл қазан айында өткен.

XS
SM
MD
LG