Accessibility links

AI: Қазақстан ЛГБТ өкілдерінің құқығын бұзып отыр


Amnesty International ұйымының логотипі (Көрнекі сурет).
Amnesty International ұйымының логотипі (Көрнекі сурет).

Amnesty International (AI) құқық қорғау ұйымы Қазақстан мен постсоветтік басқа да елдердің билігін ЛГБТ құқық қорғаушылары «жыныстық сипаты бойынша кемсітушілікке ұшырамай», құқық қорғау қызметін алаңсыз жүргізуіне қажетті барлық шараны жасауға шақырды.

AI ұйымы 22 желтоқсанда жариялаған «Теңдігі аздар. Армения, Беларусь, Қазақстан және Қырғызстандағы ЛГБТ құқық қорғаушылары» деген есебінде Қазақстанда ЛГБТ (лесби, гей, бисексуал және трансгендер) өкілдеріне теріс көзқарас қалыптасқанын, «бір жынысты қарым-қатынас пен гендерлік жайсыздық бірден айыпталатынын» айтады. Ұйым мамандарының пікірінше, әсіресе лесбилерге көзқарас өте нашар. «Лесбилер мен бисексуал әйелдер екі түрлі – жыныстық негіздегі кемсітушілікке және гомофобтық әрі трансфобтық кемсітушілікке ұшырайды» делінген ұйым есебінде.

Amnesty International ЛГБТ өкілдері өздеріне теріс көзқарас қалыптасқандықтан қай жыныс өкілі екенін ашық білдіре алмайтынын айтады. «Саяси және қоғамдық танымал тұлғалар көбінесе «отбасылық және дәстүрлі құндылықтарды» қорғау деген сылтаумен ЛГБТ өкілдерін ашық сөгеді. Парламенттің кейбір депутаттары тіпті бір жынысты қарым-қатынас орнатқаны үшін қылмыстық жауапқа тартуды қалпына келтіруге үндейді. Іс басындағы «Нұр Отан» партиясының парламенттегі өкілдері гомосексуализмнің «азғындық және адамзатқа қарсы қылмыс» екенін айтып, гомосексуалдық қарым-қатынасқа тыйым салатын заң қабылдауға шақырды» делінген есепте.

Ұйым есебінде сонымен қатар адамдардың жиын өткізу құқығы бұзылып отырған Қазақстан мен Беларусьтегі жалпы жағдайға да талдау жасаған.

«Екі елде де ассоциация құқығы қатаң шектеліп отыр, бұл елдерде тіркелмеген ұйымға мүше болу заң бұзу болып саналады. Қазақстанда азаматтардың ой-пікірін білдіру, бейбіт түрде жиналу еркіндігін пайдалану құқығы қатты шектеліп отыр. Бұл ұйымдаса жұмыс істеуге және адам құқығын, оның ішінде ЛГБТ белсенділерінің құқығын қорғауға кедергі келтіреді» делінген AI баяндамасында.

Құқық қорғаушылар бұл шектеулерді адам құқығын бұзу деп біледі. Себебі Қазақстанда «рұқсат берілмеген акция мен жиын ұйымдастырып, оған қатысқаны үшін әкімшілік, тіпті қылмыстық жазаға тартылатындықтан, ЛГБТ қызметіне қатысты ғана емес, басқа да көпшілік шараларды өткізу мүмкін емес".

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG