Петропавлда ЕС 164/3 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан екінші топтағы мүгедек Севак Голумянға әлі ота жасауға мүмкіндік берілмей отыр деп мәлімдеді Солтүстік Қазақстан облысындағы қоғамдық қадағалау комиссиясының басшысы Марина Нистолий. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Нистолий бұл жайында Петропавлда адам құқығын қорғау айлығы және Amnesty International халықаралық ұйымының азаматтардан хат қабылдау акциясын қолдау аясында өткен XIV «Жанды кітапхана» жобасының жиынында айтты. Шараға құқық қорғаушылар, үкіметтік емес ұйым өкілдері (ҮЕҰ) және журналистер қатысты.
Шара барысында жоба өкілдері өз қызметтерінің қыр-сырын әңгімелеп, адам құқығын қорғауға байланысты ахуалды баяндады.
Марина Нистолий қатысушыларға ЕС 164/3 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан Севак Голумянның құқығы қорғалмай жатқанын мысал ретінде келтірді.
Екінші топтағы мүгедек Севак Голумянға қазір шұғыл түрде ота жасау қажет. Жазасын өтеуші мәселеге «бей-жай қараған мекеме басшыларының әрекетсіз отырғанын» айтып, сотқа шағымданған. Сот үкіміне сәйкес, колония басшылығы Голумянді емдеу әдісі туралы мәселені шешу үшін Астанада ортопедиялық және травматологиялық кеңесті ұйымдастыруына рұқсат беруі тиіс болатын. Марина Нистолийдің айтуынша, мәселе әлі күнге дейін шешілмей келеді. Ол адам құқығын қорғау үшін әрі қарай сотқа шағымданатындарын айтады.
- Прокуратура бұл іс бойынша әлі күнге дейін ешқандай жауап берген жоқ. Прокуратура жауабын 15 желтоқсанға дейін беретін болған. Мерзім өтті, бірақ жауап әлі жоқ. Оған қоса Астана ота жасаудан бас тартты. Мен себебін әлі білмеймін. Біз әрі қарай сотқа береміз деп шештік. Олай етпесек, сотталушының денсаулығы нашарлап барады, - деді Марина Нистолий
«Жанды кітапхана» жобасы 2000 жылы Данияда басталған. Жоба Петропавл қаласында 14 рет өтті. Шараға 30-ға жуық адам қатысты.