Өзбекстаннан шетелге қашып, екі жарым жылдан бері саяси баспана сұрап жүрген 53 жастағы босқын Әбдірешид Кушаев Рождествоны Даниядағы түрмеде қарсы алды. Кушаевтің азаматтық некедегі әйелі Ирина Белокопытованың Азаттыққа айтуынша, мұнда ол 20 желтоқсанда шыққан сот шешіміне берген апелляциялық шағымының қаралуын күтіп жатыр. Дания соты оны Эстонияға депортациялауға шешім шығарған. Әбдірешид Кушаев Ирина Белокопытовамен Эстонияда болған кезінде қарым-қатынас орната бастаған.
Белокопытованың айтуына қарағанда, олар Данияға биыл 4 желтоқсан күні Эстониядан емес, Германиядан барған. Тексерушілер вокзалда өздерін пойыздан түсіріп, Кушаевты ұстап әкеткен және кейін оны тергеу абақтысына жапқан. Ал Иринаның өзіне тиіспеген. Ирина Белокопытова мен Әбдірешид Кушаев әуелде Эстониядан Германияға, одан ары Данияға қашып барса да, депортациялау туралы сот шешімінде Белокопытова туралы ешнәрсе айтылмайды.
Өзбекстан азаматтығы жоқ Әбдірешид Кушаев ол елден 2015 жылы жаяу-жалпылап қашып, алдымен Қазақстанға, кейін Ресейге барған. Бірақ екі елде де босқын мәртебесіне қол жеткізе алмаған қашқын 2015 жылы қарашада Ресейден Эстония шекарасын заңыз кесіп өткен. Әуелгіде Финляндияға жетуді жоспарлап барған Кушаев Эстонияда жағдай өзіне ұнаған соң сол елде қалуды шешкен. Эстония билігі де Кушаевқа босқын мәртебесін беруден бас тартып, оған бұл елден депортациялану қаупі төнген.