АҚШ қарулы күштері орталық қолбасшылығының басшысы генерал Джозеф Вотел Associated Press агенттігіне берген сұхбатында ауған күштерінің шабуылдау операцияларына дайындалып жатқанын жатқанын мәлімдеді. Генералдың сөзінше, ауған әскері уақыты жеткенде ұрыс қимылдарын жүргізуді қолына алады. Вашингтон америкалық инструкторлар дайындаған Ауғанстан қарулы күштері қарсыластарға қысымын барынша күшейте түседі деп есептейді.
Ауғанстандағы АҚШ қарулы күштері өкілінің хабарлауынша, елдіңшығысындағы Нангархар уәлаятында1 қаңтарда болған ұрыстан америкалық бір сарбаз қаза тауып, төртеуі жараланған.
Пәкістанмен шектесетін Нангархар уәлаятына соңғы жылдары «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік ұйымы мықтап орнына бастаған. Reuters агенттігінің хабарлауынша, ИМ содырларының саны олар Ауғанстанның шығысында пайда болған 2015 жылдың басынан бері кәдімгідей арта түскен.
Нангархарда «Талибан» жасақтары мен ИМ содырлары бір-бірімен соғысып жатыр. АҚШ бұл екі ұйым жасақтарына да, басқа да экстремистік топтарға әуеден соққы жасап жүр.
АҚШ Ауғанстанда әскери операциясын 2001 жылдың қазанында бастаған. Содан бері Вашингтон 2350 сарбазынан айырылды, 20 мыңнан астам әскери қызметкері жараланды. Пентагонның есебінше, қазірге дейін АҚШ-тың Ауғанстандағы әскери операциясына 680 миллиард доллар жұмсалған.