Сирияда 31 желтоқсанда Ресейдің Ми-24 әскери тікұшағы апат болып, екі ұшқышы қаза тапқан. Бұл туралы арнайы форумдар мен әлеуметтік желілердегі жазбаларға сілтеме жасаған халықаралық Conflict Intelligence Team (CIT) барлау тобы хабарлады. Қаза тапқандардың бірі – майор Артем Кулиш, ал екінші ұшқыштың тегі – Матвеев. Олар басқарған тікұшақ Хама провинциясында конвойды қорғаштап жүріп, электр бағанына соқтыққан. CIT хабарламасында тікұшақтың «деэскалация аймағында» апатқа ұшырағаны айтылады. Тікұшақ қорғаштаған конвой гуманитарлық керуен болған ба немесе әскери конвой болған ба, ол жағы белгісіз.
Тікұшақ апатқа ұшырап, екі ұшқышының қаза тапқанын Ресей қорғаныс министрлігі растады. Министрлік тікұшақ «техникалық ақаудан» құлағанын айтады. Сонымен қатар апаттан бортмеханик жарақат алып, Хмеймим әуе базасына жеткізілген. Қорғаныс министрлігі тікұшақты ешкім атқыламағанын айтады.
Ресей Сирияда 2015 жылдың қыркүйегінен бері әскери операция жүргізіп келеді. Желтоқсанның соңында Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу елден Ресей әскерилерінің негізгі бөлігі шығарылатынын және Хмеймим мен Тартустағы әскери базаларда тұрақты әскер құрылатынын хабарлаған. Ресейдің Сирияда қанша әскери күші бары және қанша шығынға ұшырағаны туралы ресми мәлімет әзірге жоқ. БАҚ-тың мәліметінше, 2017 жылдың өзінде ғана Сирияда кем дегенде 40 ресейлік әскери қызметкер қаза тапқан.