Ташкент пен Шымкент қалаларының арасында тікелей автобус рейсі ашылады деп хабарлады Азаттықтың Өзбек редакциясы. Алғашқы рейс 5 қаңтарда жүреді деп жоспарланған.
Бұдан соң екі қала аралығында тұрақты автобус рейсі күн сайын сағат 6 мен 20 аралығында сағат сайын жүреді және ол «шекарадағы тексеру және өткізу пунктінен жеңілдетілген тәртіппен өтеді».
«Маршруттың жалпы ұзақтығы 145,2 километр болады, жолда үш сағат жүреді. Автобустар мен жолаушылар шекарадан «Гишт Куприк» (Өзбекстан) және «Жібек Жолы» (Қазақстан) тексеру және өткізу пунктерінен өтеді» делінген Өзбекстанның көлік және өзен транспорты агенттігінің мәлімдемесінде.
17 қарашада Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы халықаралық көлік қатынасы туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі хаттама күшіне енген. Бұл құжатта екі ел арасында тұрақты және тұрақты емес автобуспен жолаушылар тасымалдау қызметін ұйымдастыру мүмкіндіктері қарастырылған.
Екі ел өкілдері бұл құжат қабылданған соң Қазақстан мен Өзбекстанның басқа да қалалары арасында тікелей жолаушылар автобусы рейстерін ашуды жоспарлап отырғанын мәлімдеген.