Accessibility links

Министр: Алматыдағы қайғылы жол апатына қатысты іс тоқтатылды


Қалмұханбет Қасымов, Қазақстан ішкі істер министрі.
Қалмұханбет Қасымов, Қазақстан ішкі істер министрі.

Полиция Алматыда 2017 жылдың 30 шілдесі күні жеңіл көліктің жаяу жүргіншіні қағып кетуіне қатысты қылмыстық істі тоқтатты. Жергілікті агенттіктердің хабарлауынша, бұл туралы Қазақстан ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов dialog.egov.kz сайтындағы парақшасында қолданушының сауалына берген жауабында айтты.

Министрдің сөзіне қарағанда, былтыр 15 қарашада сот бұл істі «қылмыстық құқық бұзу белгілерінің жоқтығына» байланысты тоқтату туралы процессуалдық шешім шығарған. «Алматының Медеу аудандық прокуратурасы қабылданған шешімді заңды және негізді деп таныды» деді Қасымов.

30 шілдеге қараған түні Алматыдағы әл-Фараби даңғылында 19 жастағы азамат Mercedes жеңіл көлігімен жаяу жүргіншіні қағып кетіп, жүргінші алған жарақатынан сол жерде қайтыс болған. Мерт болған адамның жергілікті коммуналдық компанияда жұмыс істейтін 48 жастағы ер адам екені анықталған. Жергілікті агенттіктер көлік жүргізушісінің оқиға орнынан қашып кеткенін, кейін көліктің «Таулы қырат» ықшам ауданынан табылғанын хабарлаған. Полиция көлік иесінің кім екенін анықтаған. Бұл оқиға бойынша «кісі өліміне әкеліп соқтырған жол ережесін бұзу» және «жол-көлік оқиғасы болған орында тастап кету» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын.

Оқиғаға куә болғандардың айтуынша, жол-көлік оқиғасы екі көліктің бір-бірімен жарысуы салдарынан болған. Ал ресми нұсқа бойынша, көлік жаяу жүргіншіні ол көшені рұқсат етілмеген жерден кесіп өтпек болғанда қағып кеткен.

XS
SM
MD
LG