Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "маңызды мәлімдемесі" 10 қаңтарда баспасөзде жарияланатын дәстүрлі жолдауының анонсы болып шықты. Назарбаевтың алты минуттық сөзін 9 қаңтарда бірнеше мемлекеттік телеарна көрсетті.
Қазақстан басшысы 30 дамыған елдің қатарына кіріп, "Төртінші өнеркәсіп революциясы дәуірінде" даму үшін алдыда тұрған "он міндет" туралы айтты. Олардың ішінде жаңа технологиялар саласында ел индустриясын үздіктер қатарына іліндіру, ресурс потенциалының тиімділігін арттыру, қаржы секторын қайта өңдеу, жемқорлықпен күрес және адам капиталының сапасын күшейту бар.
Бұдан бөлек Назарбаев еңбек өтіліміне сәйкес базалық зейнетақы мөлшерін 1,8 есе көбейту, жаңа бағдарламалар бойынша қайта оқыған мұғалімдер жалақысын 30-50 пайызға арттыру жөнінде айтты.
Президент "тез өсіп келе жатқан қалалардың мәселелері мен инвесторлардың қызығушылығын арттыратын" "Смарт Сити" технологиясын дамытуға ниетті екенін білдірді.
Мемлекеттік ақпарат құралдары жария болмай тұрып "маңызды мәлімдеме" деп таныстырған сөзінде Назарбаев биылғы БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесіне төраға болу мен Ұлттық қордың 22 миллиард долларының бұғатталғаны туралы айтпады.
Президент былтыр да дәстүрлі жолдауы баспасөзде жарияланар алдында орталық телеарналардан мәлімдеме жасаған.