Accessibility links

ІІБ: Хадиджа Ахметжанға қысым жасалмады


Хадиджа Ахметжан. Әлеуметтік желіден алынған фото. Алматы, 2017 жыл.
Хадиджа Ахметжан. Әлеуметтік желіден алынған фото. Алматы, 2017 жыл.

Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасы Азаттыққа жіберген ресми жауабында Хадиджа Ахметжанға ешқандай қысым көрсетпегенін мәлімдеді. Ахметжан бұған дейін “құқық қорғау органдарының қысымына байланысты елден кеттім” деген.

Қызылорда полициясының хабарлауынша, қыркүйек және желтоқсан айлары аралығында “Учаске” жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілгенін, тексеру барысында Хадиджа Ахметжанның уақытша тіркеусіз тұрып жатқаны анықталған.

“Осыған байланысты Қазақстан әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 492-бабы 2-бөлігінің (азаматтардың бір айдан астам мерзімде жеке куәліксіз немесе жарамсыз жеке куәлікпен уақытша тұратын жері бойынша тіркеусіз тұруы) талаптарын бұзғаны үшін, Ахметжан Хадиджа Жұматқызына жеті айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу туралы әкімшілік шарасы қолданылды” деп жазылған ресми жауапта.

Полиция Хадиджа Ахметжанның үйіне полиция қызметкерлерін өз еркімен кіргізіп, түсініктеме бергенін де жазған.

Бұған дейін президенттің отставкаға кетуін талап етіп, жалғыздық акциясын жасаған Қызылорда тұрғыны Хадиджа Ахметжан құқық қорғау органдарынан қысым көруіне байланысты “Қазақстаннан кеттім” деген еді.

Оқи отырыңыз: Мәскеуде қалған Хадиджа

Соңғы бір айда Қырғызстанда тұрып келген Хадиджа Ахметжан осы аптада науқас ұлымен Мәскеу арқылы Сербияға ұшпақ болған. Алайда Мәскеу әуежайында оларды “қайтар билеттеріңіз жоқ” деп рейске жібермей қойған. Ол қаңтардың 11-і күні Азаттық тілшісіне Қырғызстанға қайта келгенін, жағдайы қиын екенін хабарлаған еді.

Хадиджаның президент Назарбаевтың отставкасын талап еткен акциясы. Қызылорда, 23 қараша 2017 жыл.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG