АҚШ Иранның ядролық бағдарламасын шектеу жөнінде Тегеран мен әлемдік алты держава (5+1) арасында 2015 жылы жасалған келісімнен әзірше шықпауды ұйғарды. Осылайша Вашингтон Иранға қарсы салынған санкцияларды тағы 120 күнге тежей тұрады. Бұл туралы Ақ үй қаңтардың 12-і күні таратқан ақпаратты айтылған.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеранды "келісім талаптарын орындап отырған жоқ" деп айыптап, АҚШ-тың бұл келісімнен толық шығып кетуі мүмкін екені туралы мәлімдеген. Әр 120 күн сайын Вашингтон Тегеранның ядролық келісім бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарын орындап отырғанын растауы тиіс. Бұған дейін аталған келісімді "ел тарихындағы ең нашар құжат" деп сынаған Трапм қаңтардың 12-і күні ол тиісті құжатқа қол қойған. AFP агенттігінің хабарлауынша, Ақ үй басшысы мұндай қадамға соңғы рет барып отырғанын мәлімдеген.
Сонымен бірге жұма күні АҚШ қаржы министрлігі Иранға халықаралық терроризмді қаржыландырғаны және адам құқықтарын бұзғаны үшін салынған санкцияларды кеңейтетіні туралы мәлімдеді. АҚШ үкіметі санкциялық тізімге Иранның 15 жеке және заңды тұлғасын қосымша енгізген. Олардың арасында Иранның сот билігінің басшысы аятолла Садик Ларижани да бар.