Accessibility links

Сарапшы: Қазақстан 14 жылда ЕЫДҰ-ның бір ұсынысын да орындамаған


Дмитрий Котляр, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының мониторинг жасау тобының Қазақстан бойынша жетекшісі. Астана, 19 қаңтар 2018 жыл.
Дмитрий Котляр, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының мониторинг жасау тобының Қазақстан бойынша жетекшісі. Астана, 19 қаңтар 2018 жыл.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЕЫДҰ) мониторинг жасау тобының Қазақстан бойынша жетекшісі Дмитрий Котляр болмашы ғана коррупциялық құқық бұзғанның өзіне бас бостандығынан айыру жазасы кесілуі тиіс деп санайды. Котляр Қазақстанға Коррупциямен күрес жөніндегі іс-шаралардың Стамбул жоспарына жасаған мониторингтің төртінші кезеңінің есебін таныстыруға келген. Бұл жоспар былтыр Парижде өткен ЕЫДҰ сессиясында бекітілген.

Астана ЕЫДҰ-ға өз еркімен кіруге 14 жылдан бері талпынып келе жатқанымен, әзірге тіпті кандидат та бола алмай отыр. Бұл ұйымға қосылу үшін бірнеше талапты орындау керек.

- Қазақстан қылмыстық жауапқа тарту бойынша кейбір шарттарды әлі орындамаған. Бірақ аймақтағы өзге елдер ендігі жүзеге асырған бірнеше ұсыныстар, халықаралық стандарттар бар. Парақорлықтың барлық көріністеріне бірдей қылмыстық жаза тағайындалмаған, заңды тұлға коррупциялық қылмыс жасағаны үшін жауапқа тартылмайды, шетелдік лауазымды тұлғаларды сатып алғаны үшін жауапқа тарту ережелерінде кемшілік бар, - деді Дмитрий Котляр Қазақстанның коррупцияға қарсы іс-қимыл саласындағы заңдары туралы.

Бірақ оның пікірінше, соңғы уақытта Қазақстанда коррупционерлерді қудалау жұмыстары жанданып келеді және төменгі сатыдағы шенеуніктер ғана емес, жоғары лауазымды тұлғалар да жауапқа тартыла бастаған.

Котляр ЕЫДҰ есебінде қылмыстық кодекс баптарын үлкен коррупциялық қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыратын жаза тағайындайтындай етіп өзгерту туралы ұсыныс барын айтады. Қазақстанның қолданыстағы заңы бойынша, айыппұл төлеу, бас бостандығын шектеу, белгіңлі бір лауазымды қызметті атқару құқығынан айыру жазалары қарастырылған.

- Тек айыппұл төлетіп, айыппұл салумен ғана шектелуге болмайды. Үлкен коррупциялық қылмыс жасағаны үшін бір ғана айыппұлмен жазалауға болмайды. Есепте бұл да сыналған. Дегенмен, айыппұл салып, мемлекеттік қызметті атқару құқығынан айыруды жаза емес деу қате. Мәселе – бұл жазаның қаншалықты әсер ететіндігінде, - деді Дмитрий Котляр.

ЕЫДҰ есебі коррупцияға қарсы кешенді іс-қимыл негізінде жүргізіледі және түрлі тақырыпты - коррупцияға қарсы саясатты, қылмыстық заңдарға талдау жасау, коррупцияның алдын алу шаралары, ақпаратқа қолжетімділік, мемлекеттік сатып алу және бизнес секторының жай-күйін қамтиды.

ЕЫДҰ мемлекеттер өзінің түрлі саладағы саясатын салыстырып, тәжірибесімен бөлісетін, жаңа қауіп-қатерлерге сай қызметін анықтайтын форум саналады. Ұйым әлем елдерінің экономикалық және әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту бағытындағы саясатты насихаттайды.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG