Америкалық Perseus Strategies заң фирмасы 24 қаңтарда «қазақстандық бизнесмен, Қазақстанда қамауда отырған және азаптауға ұшырап жатқан Ескендір Ерімбетовті қорғаумен айналысатыны» туралы хабарлады
Қазақстан билігі «БТА банкінен» жымқырылған қаржыны «жылыстатуға қатысы бар» деп айыптайтын Ескендір Ерімбетовтің туыстары оған қарсы істі қолдан жасалған және ол азапталып жатыр деп мәлімдейді.
Туыстары Ерімбетовті кезінде «БТА Банктің» бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовтің заңгері болған қарындасы Бота Жәрдемәліні елге қайтару үшін қуғындап отыр деп біледі. Мұхтар Әблязов өзін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси қарсыласымын деп санайды.
«Ерімбетов Жәрдемәлінің құқық қорғау ісімен айналысқанына кек алуды көздеген Назарбаев режимінің тұтқынына түсіп отыр», - делінген Perseus Strategies фирмасының хабарламасында.
Perseus Strategies фирмасын Джаред Гансер басқарады. Бұл фирма әлемдегі ең әйгілі саяси тұтқындардың, оның ішінде Чехияның бұрынғы президенті Вацлав Гавель мен Нобель сыйлығының лауреаттары Аун Сан Су Чжи, Лю Сяобо, Десмонд Туту және Эли Визельдің істерімен айналысқан.
Джаред Генсердің өзі бұл туралыTwitter-де «Ескендір мүддесін қорғау - мен үшін абырой» деп жазды.
Генсер хабарламада өз компаниясы «Ерімбетовтің еркінен тыс тұтқындалып, азапталғанының әділетсіз екенін әшкерелеу үшін» Вашингтонда және халықаралық деңгейде жұмыс істейтінін айтады. «Қазақстан Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактіге қол қойған. Біз Қазақстан үкіметін Ескендірге қатысты халықаралық құқықты бұзғаны үшін жауапқа тартып қана қоймай, АҚШ, Канада және Еуропа Одағы мен өзге де елдерді бүкіл әлемдік Магнитский актісі бойынша Қазақстанда Ескендірге және басқа да саяси тұтқындарға қарсы өрескел әрекет жасаған адамдарға санкция салуға шақырамыз» деп жазды Генсер.
Бота Жәрдемәлі Азаттық тілшісімен әңгімесінде «Ескендірдің сағын сындырып, өзіне қарсы куәлік беруге мәжбүрлеу үшін физикалық және психологиялық тұрғыдан қалай азаптап жатқанын естіп-білген соң Джаред Генсерден көмек сұрағанын айтты.
«Мен Джаредті Ескендір қамалғанға дейін танитынмын. Біз аз уақыт бірге жұмыс істегенбіз. Меніңше, Джаред АҚШ-тағы ең үздік заңгер әрі құқық қорғаушылардың бірі. Ол Вашингтонда тұрады және қазір адам құқығын бұзғандарға жеке-жеке санкция салдыру мәселесімен айналысып жүр. Джаред Америкадағы Қазақстан сияқты елдерде биліктің қалай жұмыс істейтінін, заңға қайшы бұйрықтардың қалай берілетінін, органдардың істі қалай қолдан жасайтынын және өзінің қылмстық ісінің ізін қалай жасыруды білетін аз сарапшының бірі саналады» деді Бота Жәрдемәлі.
Жәрдемәлінің сөзінше, Ескендірді азаптаған және ол «жемқорлыққа қарсы ведомствоның басшысы жоққа шығарса да, құжатқа тіркелген факт».
Қазақстанның Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы 24 қаңтарда 46 жастағы Ескендір Ерімбетовтің туыстарының оны тергеу абақтысында «азаптап жатыр» деген мәлімдемелерін жоққа шығарған.
Оқыңыз: Азаптау шағымы "Ерімбетов ісінің" сипатын өзгертті
Бизнесмен Ескендір Ерімбетов пен оның үш әріптесі 2017 жылдың 13 қарашасы күні Алматыда «қаржы жымқырды және жылыстатты» деген күдікпен тұтқындалған. 15 қарашада тергеу соты күдіктіні екі айға қамауға санкция беріп, ол Алматы ішкі істер департаментінің тергеу абақтысына жабылған. 9 қаңтарда сот оны қамау мерзімін екі айға (13 наурыз) ұзартқан.