Accessibility links

Трамп иммиграциялық реформа жоспарын ұсынды


Дональд Трамп, АҚШ президенті.
Дональд Трамп, АҚШ президенті.

АҚШ президенті Дональд Трамп елге жас кезінде ата-анасымен бірге барған 1,8 миллион заңсыз мигрантты заңдастыру жоспарын ұсынды. Трамптың ұсынысы бойынша, аталған мигранттар АҚШ-та 10-12 жыл тұрған соң жұмысы болған жағдайда және сотталмаса ғана азаматтық алуға өтініш бере алады.

Жоспарда Мексикамен шекарада бақылауды күшейтіп, елге келетін мигранттардың жалпы санын азайту ұсынылған.

Ақ үй сенат мигранттарды заңдастыру туралы заң жобасын ақпанның басына қарай алғашқы оқылымда мақұлдайды деп үміттеніп отыр. Заң жобасында Мексикамен шекарада қоршау тұрғызуға және Канадамен шекарада тексеру тәртібін күшейтуге 25 миллиард доллар қаржы бөлу де қарастырылған.

Бұрынғы президент Барак Обаманың тұсында қабылданған заң АҚШ-қа бала кезінде барған 700 мыңға тарта мигрантты депортациядан құтқарып қалған. Бірақ бұл заң күші наурыз айында аяқталады. Трамп әкімшілігінің есебінше, осы категориядағы шамамен 700 мыңға тарта заңсыз мигрант Обаманың жарлығы бойынша тіркелмеген. Дегенмен, Трамп жоспарындағы 1,8 миллион заңсыз мигрант қатарына бұлар да енгізілген.

Мигранттардың статусына қатысты республикашылар мен демократтар арасындағы келіспеушілік көптеген мемлекеттік мекеменің бюджеттен қаржы бөлінбей, үш күнге жабылуына әкеліп соқтырған. Сенатта көпшілік орынға ие республикашылдардың жетекшісі Митч Макконел президент бастамасы иммиграциялық мәселелерді шешуге көмектесетінін мәлімдеді. Бірақ демократ сенаторлар Трамптың ұсынысын сынап, жоспарды «иммигранттар отбасын ажырау әрекеті» деп, ал шекараға қоршау тұрғызуды «ақшаны желге шашу» деп атады.

XS
SM
MD
LG