Accessibility links

Өртенген автобус жүргізушілері екі айға қамалды


Автобус жүргізушісі, күдікті Нұржан Қырғызбаев Ақтөбе облысының сотында отыр. 26 қаңтар 2018 жыл.
Автобус жүргізушісі, күдікті Нұржан Қырғызбаев Ақтөбе облысының сотында отыр. 26 қаңтар 2018 жыл.

Ақтөбе сотының судьясы Әлима Әділова 18 қаңтарда Ырғыз ауданы аймағында автобус өртенген кезде тірі қалған үш қазақстандық Нұржан Қырғызбаев, Мақсат Пернебеков пен Барат Таңатовты 26 қаңтардан бастап екі айға қамауға санкция берді.

Тергеу бұл азаматтарға Қазақстанның Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлімімен күдік келтіріп отыр. Мемлекеттік айыптаушы Осман Орынбасарұлының айтуынша, күдіктілер салонды жылытуға дәнекерлеуші лампаны қолданып,көлiк құралдарын пайдалану қағидалары мен өрт қауіпсіздігі ережесін бұзған.

Ақтөбе облысында өртенген автобус. 18 қаңтар 2018 жыл.
Ақтөбе облысында өртенген автобус. 18 қаңтар 2018 жыл.

Өртенген автобустың жүргізушісі Нұржан Қырғызбаев өзіне қатысты күдікке дау келтірмеді. Елу жастағы Нұржан Қырғызбаев Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы, бұрын сотталмаған, ажырасқан. Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданының Қақпақ ауылында інісінің отбасымен бірге тұрған. Тұрақты жұмыс орны жоқ.

Ал күдікті Мақсат Пернебеков сотқа өзінің ешқандай кінәсі жоқ екенін, өрт шығар алдында ұйықтап қалғанын айтты. Кәмелетке толмаған үш баласы барын жеткізді. Сот залында Мақсат Пернебековтің екі әпкесі Гүлшат пен Нұршат та болды. Нұршат Пернебекова інісіне тағылған айыппен келіспейді. Мақсат әр жолғы сапары үшін автобус қожайынынан 60 мың теңге алып, жалданып жұмыс істегенін айтады.

Өрттен аман қалған үш қазақстандықтың бірі - Барат Таңатов сотқа жүргізуші емес, жолаушы екенін, көлік жүргізбегенін айтты. Жеті баланың әкесі Барат Таңатовтың сөзіне қарағанда, жұбайы екеуі жұмыссыз. Балаларының бесеуі әлі кәмелетке толмаған. "Маған тергеу кезінде кепіл түріндегі бұлтартпау шарасын қолдануыңызды сұраймын. Тергеу изоляторына қамалар болсам, балаларым аш қалады", - деді ол сотқа.

Айыптаушы тарап "жинақталған нақты деректермен аталған қылмысқа автобустың үш жүргізушісінің де қатыстылығы бары анықталды" деген уәж келтірді.

ВИДЕО: Өрттен қаза болғандар анықталып жатыр

«Ауырлығы орташа қылмыс жасады деп күдіктелгендіктен» судья Әлима Әділова күдіктілердің үшеуін де екі айға қамауға санкция берді. Санкция мерзімі 2018 жылдың 24-ші наурызына дейін деп белгіленді.

XS
SM
MD
LG