Ашғабадта қалалық телефон қызметін пайдаланатын тұрғындар елде бұғатталған сайттарға прокси серверлер арқылы кірген кезде интернеттің өшіп қалатынын хабарлап жатыр. Бұл жайында Азаттықтың Түркімен редакциясына аты-жөнін атамаған тұрғындар айтты.
«24 қаңтарға қараған түні Ашғабад қалалық телефон желісі тарататын интернет істемей қалды. Ол кезде желі қызметкерлері интернеттің жалпы профилактикалық жұмыстар жүргізілгендіктен өшірілгенін айтқан еді. Бірақ келесі күні елде Facebook, Instagram сияқты бұғаттаған әлеуметтік желілерге кіретін кезде интернет өзінен-өзі істемей қалды» деді Ашғабадтың аты-жөнін айтуды қаламаған тұрғыны.
Оның сөзінше, Ашғабад қалалық телефон желісі техникалық қолдау бөлімі өзінен «Прокси қолданып жүрсіз бе? Егер оныңызды қоймасаңыз, онда интернетті мүлдем өшіріп тастаймыз» деген.
Ашғабад қалалық телефон желісі бұл ақпаратқа қатысты Азаттыққа түсініктеме беруден бас тартты.
Түркіменстан әлемде тұрғындарын ақпаратқа еркін қолжетімділіктен шектеп, жабық отырған елдердің бірі саналады.Елде тәуелсіз ақпарат көздері, оның ішінде Азаттық Радиосы, Facebook, Twitter және ВКотакте сияқты әлеуметтік желілер бұғатталған. Тұрғындар бұғатталған ақпараттық сайттар мен әлеуметтік желілерге прокси серверлер арқылы кіруге мәжбүр.