Қазақстанда ондаған ата-ана мектеп директорларымен соттасып жатыр. Олар мектептің ішкі жарғысындағы талаптар мен білім министрінің "Бірыңғай мектеп формасы туралы" 2016 жылғы бұйрығындағы тармақты жойдыруға тырысып жүр. Әйткенмен Қазақстанның Дін істері және азаматтық қоғам министрі хиджаб дауына қатысты білдірген пікірінде "діндарлардың жеке меншік мектеп ашуға құқығы барын" айтқан.
2017 жылы Ресейдің білім министрі оқу орындарында хиджаб киюге қарсылығын жария түрде мәлімдеген. Ал Шешенстанда, керісінше, оқушы қыздардың сабаққа хиджабпен бару құқығын бекітетін заң қабылданды. Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров "қыздарым хиджабты шешпейді" деп мәлімдеген.
Өзбекстан мен Тәжікстанда мектепке хиджаб киіп баруға тыйым салынған. Бұл елдерде билік қоғамдық орындарға рейдтер жүргізіп, әйелдерді хиджабтарын шешуге мәжбүрлеген.
Журналистер – тәжікстандық Хиромон Бакзода, татарстандық Алсу Курмашева және өзбекстандық Сирожиддин Толибов – биліктің бұл қаупі қаншалықты орынды және оқушы қыздардың мектепке хиджаб киіп баруынан қорқу қаншалықты негізді екенін өз елдеріндегі жағдайды мысалға келтіру арқылы анықтауға тырысты.
Хиджаб жайлы талқылаудың толық аудиосы (орыс тілінде):
ТЫЙЫМ РАДИКАЛИЗМГЕ ҰРЫНДЫРМАЙ МА?
Пікірталас кезінде журналистер "Хиджабқа тыйым салу қоғамдағы радикал көңіл-күйді қоздыратын тұтатқыш білтеге айналмай ма?" деген негізгі сұраққа жауап беруге тырысты.
- Кез-келген тыйым радикалды және наразы көңіл-күйді қоздырады, - дейді Хиромон Бакозода. – Әлдебір құбылыстармен күрес жүргізу үшін тыйым немесе алдын алу шараларына қатысты шешімдер қабылдаған кезде аса сақ болған жөн. Бұл мәселеде саяси парасаттылық керек. Мұндай шешімдерді қабылдайтын шенеуніктеріміз осы жағын ойлануы тиіс.
Оның әріптесі Алсу Құрмашева "Совет заманында мектепте оқып жүрген кезімде бір күні сыныптас қыздардың бірі сабаққа қызыл түсті колготки киіп келді. Мұғалім әлгі қыздың ата-анасын шақыртып, мектепке мұндай колготки киіп келуіне тыйым салғаны есімде. Бірақ ертеңінде сыныптағы қыздардың бәрі ақ түсті колготкилерін наразылық белгісі ретінде қызыл түске бояп тастадық" дейді.
- Тыйымның наразылық көңіл-күйді қоздырудан басқа пайдасы жоғы рас, - дейді Құрмашева.
Хиджаб дауы сотта қаралды (AzatNEWS эфирі, 30 қаңтар 2018 жыл)
ҚАУІПСІЗДІК ҮШІН КЕМСІТУ ЖӨН БЕ?
Сирожиддин Толибовтың айтуынша, 1999 жылғы бірнеше жарылыстан кейін Ташкентте қоғамдық орындарда хиджаб киюге, сақалмен жүруге ресми түрде тыйым салынған.
- Бұл Өзбекстан министрлер кабинетінің жарлығы болатын. Бірақ Өзбекстанның зайырлы мемлекет екені Тәжікстандағыдай ел конституциясында анық жазылмаған, - дейді Толибов.
Оның айтуынша, Өзбекстанның қазіргі президенті Шавкат Мирзияев дәстүрлі исламға анағұрлым бейіл адам, мұның әсері түрлі салаларда байқалып жатыр. Мысалы, мешіттер жұртты намазға шақыру үшін Каримовтің тұсында тыйым салынған дауыс күшейткішті қайта пайдалана бастаған.
Хиромон Бакозоданың сөзінше, Тәжікстан билігі оқу орындарында хиджаб киюге тыйым салған кезде бұл шара белгілі бір топтардың дін еркіндігін шектегенімен, мұның бәрі елдегі қауіпсіздік үшін жасалып жатыр деген уәжге сүйенеді. Сондықтан қоғамның басым бөлігі тыйым шараларына түсіністікпен қарайды.
Алсу Құрмашеваның айтуынша, Татарстанда орамал тағатын қыздар кез-келген мектепте бар.
- Бізде жеке меншік яки мемлекеттік болсын, орамал тақпайтын әйел жоқ бір де мекеме жоқ шығар. Татарстанда әйелдердің хиджаб немесе пәренже емес, кәдімгі қызылды-жасылды әдемі орамал тағуы тарихи қалыптасқан дәстүр саналады. Бұған ешкім көңіл бөлмейді, - деп түйіндейді Құрмашева.