Accessibility links

Ақтөбе соты орамал дауына қатысты тағы бір шағымды қанағаттандырмады


Ақтөбеде хиджаб мәселесіне қатысты жиында отырған ата-аналар. Ақтөбе, 9 қаңтар 2018 жыл (Көрнекі сурет).
Ақтөбеде хиджаб мәселесіне қатысты жиында отырған ата-аналар. Ақтөбе, 9 қаңтар 2018 жыл (Көрнекі сурет).

Ақтөбе соты ақпанның 2-сі күні «орамал дауына» қатысты тағы бір шағымды қанағаттандырмады. Сотқа облыс орталығындағы №23 мектеп директорының үстінен қыздары сабаққа орамал тартып баратын екі әйел шағымданған. Олардың бірі - Гүлжанар Сәбенова Азаттық тілшісіне қалалық сот шешіміне разы емесін, облыстық сотқа апелляциялық шағым түсіретінін айтты.

- 7-сыныпта оқитын қызым үшінші тоқсан басталғалы мектепке кіре алмай қойды. Сондықтан үйде отырып, онлайн сабақ алуға мәжбүр. Баламның құқы бұзылды деп санаймын, - дейді Гүлжанар Сәбенова.

Гүлжанар Сәбенова биыл 8 қаңтар күні «Орамал тағатын қыздарға бөлек мектеп ашып берсін!» деп облыстық әкімдікке барған бір топ әйелдің бірі. Ақтөбе облыстық әкімдігіне «Сапарбаевтан көмек сұрай келдік» деп барған әйелдерді 8 қаңтар күні Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева қабылдаған еді. Әкімдікпен мәмілеге келе алмаған ата-аналардың бірқатары кейін мектеп директорларының үстінен сотқа шағым түсірді.

Оқи отырыңыз: Депутатқа шағымданғандар медресе ашуды сұрады

Ата-аналардың орамал дауына қатысты талабы заңсыз деп танылғанын Азаттыққа Ақтөбе қалалық сотының баспасөз қызметі де растады. Сот «Білім туралы» заңның 49-бабына сай, ата-ана «білім саласындағы уәкілетті орган белгілеген міндетті мектеп формасына қойылатын талапты орындауға міндетті» екенін айтады.

Ақтөбе соты 1 ақпан күні тұрғындардың «орамал дауына» қатысты №40 және 49 мектеп директорларының үстінен түсірген екі шағымы талабын орындаудан бас тартқан. 2 ақпан күні №23 мектепке қатысты шағым да қанағаттандырылмады. Қалалық соттың қарауында орамал дауына қатысты әлі үш іс бар.

Ақтөбе облыстық дін істері департаментінің дерегінше, оқу жылының үшінші тоқсаны басталғалы облыста орамал тартатын кем дегенде 180 қыз бала мектепке бара алмай отыр.

XS
SM
MD
LG