Accessibility links

«Абу Даби плазаны» салып жатқан жұмысшылар наразылық танытты


«Абу Даби плаза» кешенін салып жатқан жұмысшылар «Нұр Отан» партиясы филиалының алдына жиналып тұр. Астана, 5 ақпан 2018 жыл.
«Абу Даби плаза» кешенін салып жатқан жұмысшылар «Нұр Отан» партиясы филиалының алдына жиналып тұр. Астана, 5 ақпан 2018 жыл.

Астанада 5 ақпан күні «Абу Даби плаза» ғимаратын салып жатқан ондаған құрылысшы өздерінің жұмыстан «заңсыз шығарылғанын» айтып, наразылық танытты деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Жұмысшылар мәселелерін шешіп беруді сұрап «Нұр Отан» партиясына барды.

«Абу Даби палазаны» салып жатқан мердігерлердің бірі «Каз инжиниринг» фирмасы жұмысшыларының сөзінше, басшылық жұмыс аяқталғандықтан келісім-шарт алдын-ала бұзылатынын айтқан. Олар жұмыстан босатылатындарын алдын ала ескертпеген басшылықтың әрекетін заңға қайшы деп есептейді.

Мақсат Ахметов есімді құрылысшының айтуынша, басшылық өздерін «Еңбек кодексінің» 49-бабы бойынша, «өз еркімен» жұмыстан кету туралы құжатқа қол қоюға мәжбүрлеп жатыр.

- Негізі 51-бап бойынша қысқарту керек. Қысқарту деген қағаз болса, келісіп қол қоямыз. Өйткені ол бойынша өтемақы төленеді. Ал олар өтемақы төлемеу үшін «өз еркімен кетті» дегізіп қол қойдырып алайын деп тұр, - деді Мақсат Ахметов.

Құрылысшылардың есебінше, жұмыстан шығарғандары үшін жұмыс беруші екі айлық жалақы көлемінде өтемақы төлеуі тиіс. «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық бөлімі бастығының орынбасары Владислав Сергеев жұмысшылар мәселесін зерттейтінін айтты.

Азаттық тілшісі құрылысшыларды жұмыстан шығарды делінген «Каз инжиниринг» фирмасына барды. Бірақ, мердігер компанияның өкілдерінен мәселеге қатысты пікір алу мүмкін болмады.

Жоспар бойынша, «Абу Даби плаза» кешені Орта Азиядағы ең биік ғимарат болуы тиіс. Құрылысы 2016 жылы аяқталады деген ғимарат әлі пайдалануға берілген жоқ.

XS
SM
MD
LG