«Әл-Қаида» террорлық ұйымы әлемде көп аймақ үшін «Ислам мемлекеті» экстремистік тобынан да қауіпті болып тұр» деп мәлімдеді БҰҰ сарапшылары. Associated Press агенттігі көрген БҰҰ баяндамасында «Әл-Қаиданың» әлі де күші бар және Йемен мен Сомали сияқты елдерде қауіпті екені айтылады.
Сарапшылар тобы аталған екі ұйымға қарсы санкцияларға мониторинг жасап, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне арнап дайындаған есебінде ескертпелерін білдірді. Сарапшылар «Әл-Қаиданың» Таяу Шығыста кең ауқымды шабуылдар ұйымдастырып, Араб түбегіндегі үлкен қауіпті күш болып отырғанын айтады. Олардың есебінше, «Әл-Қаида» бөлімшелерінің өзі Батыс Африка мен Оңтүстік Азияға «Ислам мемлекетінен» кем қауіп төндірмейді».
БҰҰ сарапшылары жаңа есебінде кейбір елдердің «Әл-Қаида» мен «Ислам мемлекетінің» кей содырлары «шабуыл ұйымдастыруда бір-біріне қолдау көрсетуге дайын және біраз аймақта жаңа қауіп тудырып отыр» деген мәлімет бергенін айтады.
«Бұған қоса, «Әл-Қаида» өзіне тілеулестерге ұйымды басқаша қырынан көрсету үшін Хамза бин Ладен сияқты ықпалды жетекшілердің жаңа буынын насихаттап жатыр» дейді сарапшылар. Хамза бин Ладен – 2001 жыл 11 қыркүйекте АҚШ-та үш мыңға тарта адам қаза тапқан террорлық шабуылдар ұйымдастырған Усама бин Ладеннің ұлы.
Дегенмен, БҰҰ сарапшылары «Әл-Қаида» қаупі ұлғайып келе жатқанын айтқанда «Ислам мемлекетінен» төнетін қауіпті әлсіз санамайды. Олар «Ислам мемлекетін» былтыр Ирак пен Сирияда жеңіліске ұшырап, Филиппинде сәтсіздікке тап болса да «әлемде елеулі қатер төндіріп тұрғанын және оның ұлғайып келе жатқанын» айтады.