Accessibility links

Алматыда Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алды


Саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алуға арналған жиын. Алматы, 9 ақпан 2018 жыл.
Саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алуға арналған жиын. Алматы, 9 ақпан 2018 жыл.

Алматыда 2006 жылы 11 ақпанда қастандықтан қаза тапқан саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алу жиыны өтті. «Астана» қонақүйінде дөңгелек үстел түрінде өткен жиынды саясаткер Төлеген Жүкеев жүргізді.

Дөңгелек үстелге​ құқық қорғаушылар Евгений Жовтис, Маржан Аспандиярова, Розлана Таукина, Тамара Калеева, журналистер Ермұрат Бапи, Рысбек Сәрсенбай қатысты.

Жиында сөйлеген құқық қорғаушы Евгений Жовтис «Қазақстанда қоғамдық-саяси жүйе 2000 жылдардан бері өзгермегенін» айтты. Оның пікірінше, елде сөз бостандығы, баспасөз ркіндігі бұрынғыдан да тарыла түсіп, бейбіт жиын және митинг өткізу құқығы шектелді.

Жиында сөйлеген Ермұрат Бапи Алтынбек Сәрсенбайұлының билік пен оппозициядағы қызметі туралы баяндады. Бапидің пікірінше, Алтынбек Сәрсенбайұлы «билікте жүргенде саяси режим екпінімен қателіктерге жол бергенімен, кейін қоғамда билікке қарсы идеологияны қалыптастырып кетті».

- Ол авторитарлық басқарудың негізін орнықтыруға қатыспауы мүмкін емес еді. Оның қолында үлкен билік болды, соның бәрін тастап оппозицияға кетті. Ең әуелі ҚДТ (Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысы - ред.) құрылғанда оның артында Алтынбектер тұрды. Рахат Әлиевті алғаш сынауға да негізгі түрткі болған Алтынбек еді. Ол авторитарлық режимді өзгерту керек екенін түсінді, - деді Ермұрат Бапи.

Ол Алтынбек Сәрсенбайұлының өзі қызметке жетелеп әкелген адамдардың кейбірі саясаткер туралы пікірі айтудан сескенетінін, себебі «қоғамдық-саяси жағдайға жалтақтайтынын» айтты.

«Әділ сөз» ұйымының жетекшісі Тамара Калеева Қазақстандағы сөз бостандығы бойынша баяндама жасады. Ол Алтынбек Сәрсенбайұлы 2004 жылы ақпарат министрі болып екінші рет тағайындалған соң 40-қа жуық газет пен сайт тіркелгенін, бірақ саясаткердің қазасынан кейін соның көбі қайта жабылғанын айтты.

Тамара Калеева билік былтыр оппозициялық «Трибуна. Саяси қалам» газетін жапқанын, журналист Бигелді Ғабдуллинді «кәсіби қызметінен кетуге мәжбүрлегенін», Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевты қамаудан босатқанымен, «баласын кепілге алып қалғанын» айтты.

Қазақстан оппозициясы басшыларының бірі болған Алтынбек Сәрсенбайұлы 2006 жылдың ақпанында екі серігі - Василий Журавлев және Бауыржан Байбосынмен бірге Алматыда жұмбақ жағдайда кісі қолынан қаза тапқан еді. Сот бұл қылмысқа Ержан Өтембаев «тапсырыс берген» деп тауып, оны 20 жылға соттаған. «Кісі өлтірді» деп танылған бұрынғы полиция қызметкері Рустам Ибрагимов өмір бойына түрме жазасына кесілген. Ал 2013 жылы желтоқсанның 20-сы күні бас прокуратура «Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге шын мәнінде Қазақстан президентінің бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев тапсырыс берген» деп мәлімдеген.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Алтынбек Сәрсенбайұлының өмірі мен өлімі

XS
SM
MD
LG