Қазақстан президентінің жарлығымен Тамара Дүйсенова Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметінен босатылды.
Дүйсенованың орнына бұған дейін Ұлттық экономика министрінің орынбасары қызметін атқарған Мәдина Әбілқасымова тағайындалды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің ауысқаны туралы министрліктің ресми сайтында хабарланды.
Бүгін, ақпанның 9-да Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтің кеңейтілген жиынында Тамара Дүйсенованы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу мәселесіне қатысты сынаған еді. "Мен кем дегенде бес жыл уақыт бойы осы жайлы бірнеше рет айттым. Нақты тапсырмалар бердім. Алайда онымен ешкім айналысқан жоқ. Министр Дүйсеноваға бірнеше рет. Не болды, Тамара, әлде сен мына жұмыста шаршадың ба?", - деген еді Назарбаев еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне.
Тамара Дүйсенова - 2014 жылдың 6 тамызынан бастап Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі, ал 2017 жылғы 25 қаңтардан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметін атқарған еді.