Accessibility links

БҰҰ: Сирияда әуе шабуылдарынан мыңнан астам тұрғын қаза тапты


Дамаск түбіндегі Джисрин қаласында әуе шабуылдарынан бас сауғалап бара жатқан тұрғындар. Сирия, 8 ақпан 2018 жыл.
Дамаск түбіндегі Джисрин қаласында әуе шабуылдарынан бас сауғалап бара жатқан тұрғындар. Сирия, 8 ақпан 2018 жыл.

БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі ақпан айының басынан бері Сирияда жасалған әуе соққыларынан мыңнан астам бейбіт тұрғын қаза тапқанын хабарлады. Соңғы аптадағы бомбалаудың өзінде үш жүз адам құрбан болған. Әуе соққыларының денін Ресей қолдайтын Сирия үкіметі жасаған.

БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің баяндамасында бұл Сириядағы алты жылдан астам уақытқа созылған соғыстың өте ауыр кезеңдерінің бірі екені айтылады.

БҰҰ бас хатшысы Антонио Гутерриш Израиль бұл елді әуеден бомбалағаннан кейін, Сирияда шиеленісті шұғыл бәсеңсітуге шақырған. 10 ақпанда БҰҰ бас хатшысының баспасөз хатшысы Стефан Дюжаррик «Гутерриш Сирияда болып жатқан жағдайдарды жіті бақылап отыр» деп мәлімдеді.

Дюжаррик БҰҰ бас хатшысы атынан Сирияда барлық тараптар халықаралық құқықтарды қатаң сақтауы тиіс екенін ескертті.

10 ақпанда Сирия әскері Израильдің F-16 жойғыш ұшағын атып түсірген соң, Израиль Сирияның әуе қорғанысы жүйесін бомбалаған. Израиль генералы Томера Бараның айтуынша, бұл - 1982 жылғы Ливан соғысынан кейінгі ең ірі соққы.

Мұның алдында Израиль әуе күштері Сирия жеріндегі «Иранға тиесілі» деген аумақты бомбалаған еді. Бұл әрекет Сирия аумағынан ұшырылып ұсталған Иран дронына жауап соққы ретінде хабарланған. Израиль өздері атқан нысандарда «дрондарды басқару жүйесі» орналасқан деп есептейді. Осы әуе соққысы кезінде Сирия әуе қорғанысы жүйесінен Израиль ұшақтарын атқылаған болатын.

Сирияның Идлиб провинциясында жағдай ушығып барады. Ақпанның басында провинцияда көтерілісшілер ресейлік Су-25 бомбалаушы ұшағын атып түсірген. Ресей бұдан соң бұл ауданда әуе шабуылдарын жиілеткен. Сирия оппозициясы шабуылдардан тұрғын үй мен аурухана қирағанын хабарлаған.

Ресей Сириядағы әскери операциясын 2015 жылы күзде бастаған. Былтыр желтоқсанда Ресей қорғаныс министрлігі бұл елден әскерилерінің көбін алып кететінін мәлімдеген. Сирия оппозициясы мен Батыс елдері Ресей әуе шабуылдарынан бейбіт тұрғындар құрбан болып жатқанын әлденеше рет мәлімдеген. Бірақ Мәскеу «Сирияда терроршылармен соғысып жатырмыз» деуден танбайды.

XS
SM
MD
LG