АҚШ-та Флорида штатының Парклэнд қаласындағы мектептердің бірінде ер адам оқ атып, кем дегенде 17 адам қаза тапты.
Флорида полициясының хабарлауынша, 14 ақпан күні болған атысқа бұған дейін мектептен шығарылған Николас Круз есімді 19 жастағы ер адам күдікті деп танылып отыр. Атыс басталып, полиция мектепке кіргенде оқушылар әр жерге тығылып, жасырынуға мәжбүр болды.
Броуард округі полициясының басшысы Скотт Израиль журналистерге николас Круздың үш адамды мектеп сыртында өлтіргенін, одан соң мектепке басып кіріп, 12 адамды атып тастағанын хабарлады. Жараланған екі адам ауруханаға жеткізілген соң көз жұмды. Броуард округі ауруханасының дәрігері Эван Бойар барлығы 17 адам ауруханаға жеткізілгенін айтты.
Оның сөзінше, ауруханаға түскен 17 адамның арасында Николас Круз да болған. Оның жарақатын таңған соң полиция алып кеткен. Үш адамның халі ауыр, екеуінің жағдайы бірқалыпты.
АҚШ-та ең көп адам құрбан болған мектептегі шабуыл соңғы рет 2012 жылы Коннектикут штатында жасалған. Ол кезде атыстан 20 адам қаза тапқан еді.
Құрбандардың аты-жөні анықталып жатыр.
АҚШ президенті Дональд Трамп Twitter-де атыстан қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты.