Микробиолог ғалым, АҚШ-қа кеткен Кеннет Әлібек өзінің «Қазақстандағы қылмыстық жолмен алынған қаржыны жылыстатуға қатысы барын» жоққа шығарды. Ғалым бұл жайында Facebook-тегі парақшасында жазды.
Оның айтуынша, бұл туралы жазуына қазақстандық Tengrinews.kz ақпараттық сайтының UBR.ua сайтына сілтеп, Киев прокуратурасының өзін Мұхтар Әблязовке болысты деп айыптағанын хабарлауы түрткі болған.
Сайтта Кеннет Әлібек Бориспольдағы фармацевтикалық зауытты басқарып тұрғанда Әблязовтің 2006-2010 жылдары сол зауытты БТА Банкінен жымқырған қаржысын заңдастыруға пайдаланғаны айтылады.
Кеннет Әлібек бұл ақпаратты «жалған» деп атап, «... Әблязовтен ақшаны қайтарып алу бойынша жұмыс істеп жатқан халықаралық заңгерлер менімен сөйлесіп, маған ешқандай кінә қоймайтынын айтты» деп жазды.
Ғалым бұл мәселені «бірнеше жыл бұрын президентпен [Нұрсұлтан Назарбаев] талқылағанын және оның шынайы жағдайдан хабардар екенін» айтады.
Кеннет Әлібектің сөзінше, ол «президент әкімшілігіне кім хат жазғанын және оған қатысты материалдардың қалай жиналғанын» біледі.
2017 жылы қарашаның соңында қазақстандық БАҚ Кеннет Әлібек АҚШ-қа қайтып кеткенін хабарлаған. Ғалым Қазақстаннан кетуіне «ғылымдағы бюрократия» себеп болғанын айтқан.
2010 жылы Әлібек Қазақстанға келіп, біраз уақыт Ұлттық медицина холдингін және онкология мен трансплантология ғылыми орталығын басқарған.
Алматы соты 2017 жылы 7 маусымда БТА банкінің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовті сырттай 20 жылға соттаған. Сот Әблязовті «БТА банкіндегі қаржы жымқыру» ісі бойынша «қылмыстық қоғамдастық құру, оған басшылық жасау», «сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу немесе ысырап ету», «БТА Банк қаржысын жымқыру және оның ізін жасыру», «банк қаржысын заңсыз пайдалану» және «өкілеттіктерін теріс пайдалану» баптары бойынша айыптаған.
Оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов өзіне тағылған айыптарды терістеп, керісінше билікті өзінен БТА Банкті тартып алды деп айыптайды. Әблязов басшысы болып тұрғанда БТА Банк елдегі активінің көлемі бойынша ең ірі банк болған. Әлеуметтік желілерде тікелей трансляция жүргізіп тұратын Мұхтар Әблязов бұған дейін Назарбаев пен Қазақстан үкіметін дебатқа шақырған.