Сирил Рамафоса Оңтүстік Африка Республикасының жаңа президенті болып сайланды. Іс басындағы Африка ұлттық конгресі (ANC) партиясының басшысы Рамафоса президенттіктен жалғыз үміткер болған. Ел парламентінің төменгі палатасы – Ұлттық ассамблея Рамафосты 15 ақпанда өткен отырысында президент етіп бекітті.
ОАР-дың бұған дейінгі президенті Джейкоб Зума 14 ақпан күні кешке ANC партиясының талабымен отставкаға кеткен. Бұған дейін Зумаға талай мәрте сыбайлас жемқорлыққа қатысты айып тағылған еді. Бірақ ол айыпты жоққа шығарып келген.
Джейкоб Зума 2009 жылы президент болып, 2014 жылы екінші мерзімге қайта сайланған. 2017 жылы ОАР басшысы мемлекеттік келісімдерде алаяқтық жасады деп айыпталған. Сол кезде Джейкоб Зума ANC партиясының басшылығынан босап, орнына Сирил Рамафоса сайланған.
61 жастағы Сирил Рамафоса Севера университетінде құқық мамандығын оқыған. Студенттік жылдары кәсіподақ және партия қызметтерімен айналысқан. Рамафоса 1991-1997 жылдары ANC партиясының бас хатшысы, 2012 жылдан бастап вице-президенті болған. 2014 жылы мамырда ОАР-дың вице-президенті болды.