Accessibility links

Латвия «Магнитский тізіміндегі» 49 адамның елге кіруіне тыйым салды


Бюджеттен қаржы жымқыру қитұрқылығын әшкерелеген Hermitage Capital қорының заңгері Сергей Магнитскийдің портреті.
Бюджеттен қаржы жымқыру қитұрқылығын әшкерелеген Hermitage Capital қорының заңгері Сергей Магнитскийдің портреті.

Латвия билігі «Магнитский актісіне» енген 50-ге жуық шетелдіктің Латвия жеріне кіруіне тыйым салды. Бұл жайында 22 ақпанда Латвия сыртқы істер министрі Эдгар Ринкевич Twitter-де жазды. «Сейм (Латвия парламенті – ред.) қаулысына сай және иммиграция туралы заңның негізінде мен адам құқығының маңызы жоғары екеніне мән бере отырып, 49 адамның Латвия Республикасы аумағына кіруіне тыйым салдым» деп мәлімдеді Ринкович.

Латвия сеймі 8 ақпанда «Магнитский актісіне» енгізілген адамдарға қарсы санкция салуды мақұлдаған. Заң жобасында елге кіруіне тыйым салынуы тиіс 49 адам көрсетілген.

Латвияға дейін «Магнитский актісін» АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Эстония және Литва қабылдаған.

Осы заң негізінде бекітілген «қара тізім» де үнемі толықтырылып отырады. Мысалы, 2017 жылғы желтоқсанда АҚШ қаржы министрлігі «Магнитский тізіміне» Ресейдің Шешенстан аймағының басшысы Рамзан Қадыровты, Ресей бас прокурорының ұлы Артем Чайканы және Өзбекстанның тұңғыш президенті марқұм Ислам Каримовтің үлкен қызық Гүлнәра Каримованы енгізген.

«Магнитский заңы» 2009 жылы қарашада Мәскеу абақтысында қаза тапқан Hermitage Capital қорының заңгері, Ресей бюджетінен ірі көлемде қаржы жымқыру айла-шарғысын әшкерелеген Сергей Магнитскийдің құрметіне аталып кеткен. АҚШ Конгресі қабылдап, кейін кеңейтілген заң бойынша Вашингтон «адам құқығын бұзуға қатысы бар» деп білетін ресейліктерге экономикалық санкциялар салу және виза бермеу қарастырылған. Былтырқарашада АҚШ үкіметі «Магнитский актісін» орындауды жалғастыра беретіні туралы мәлімдеген болатын.

XS
SM
MD
LG