Украина өзінің тепловоздар паркін жаңғырту және елде америкалық локомотивтерге құрамдас бөлшектер шығаруды бастау мен сатып алу туралы АҚШ-тың General Electric корпорациясымен келісімге қол қойды. Америкалық корпорация мен украиналық "Укрзализныця" темір жол компаниясы және "Укрэксимбанк" өкілдері жалпы құны миллиард долларды құрайтын келісімге жұма күні Киевте қол қойды. Қол қою рәсіміне Украина президенті Петр Порошенко мен АҚШ-тың Украинадағы елшісі Мари Йованович қатысқан.
"Бұл келісім екі ел экономикаларының үйлесіміне қол жеткізуге және АҚШ-та да, Украинада да жүздеген жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Украина америкалық технологияларды пайдалана отырып, өзінің темір жол желісін жаңғыртады, сөйтіп ауылшаруашылығы тауарларын сыртқа шығару және тұтас алғанда экспортының мүмкіндіктерін кеңейтеді", - деген Мари Йованович.
Украина темір жолы америкалық Evolution ТЭ33А сериялы локомотивтерінің алғашқыларын биыл күзден бастап ала бастамақ. Ал 2019 жылғы сәуірге дейін барлығы 30 локомотив жеткізіледі. Осы алғашқы партияда Украинада жасалатын құрамдас бөлшектер үлесі 10 пайыздан кем болмауы тиіс. General Electric локомотивінің әрбірін Украина жағы шамамен 4,5 миллион долларға сатып алады.
Тараптар қол қойған келісімдерге сәйкес, екінші кезеңдегі жеті жылдың ішінде Украинаға 150-ден 175-ке дейін америкалық локомотив сату көзделген. Олардағы украиналық құрамдас бөлшектер 40 пайыздан кем болмауы керек. Полтава облысындағы Крюков вагон жасау зауытында америкалық корпорациямен бірлесіп темір жол техникаларын жасау жоспарланып отыр.