Accessibility links

Назарбаев: "Парламент пен үкіметтің қызметі мемлекеттік тілде жүргізілуге тиіс"


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевты (сол жақта) қабылдап отыр. Астана, 26 ақпан 2018 жыл
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевты (сол жақта) қабылдап отыр. Астана, 26 ақпан 2018 жыл

Ресми akorda.kz сайтының жазуынша, 26 ақпанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевты қабылдады. Ақпаратқа сәйкес, министр Абаев президентке "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" атты жолдаудағы тапсырмалардың қалай жүзеге асып жатқанын баяндаған.

Президент Назарбаев қазақ тілін латын таңбалы әліпбиге көшіру жайын сөз еткенде "мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға бағытталған шаралар қабылдаудың маңыздылығын" айтқан.

Оқи отырыңыз: Әліпбидің жұртты "жеңілдеткен" жаңа нұсқасы

Ақорданың хабарлауынша, Назарбаев:

– Халқымыз үшін латын қарпіне көшу үдерісінің тарихи мәні зор. Сонымен бірге, қазақ тілінің мәртебесін арттыру жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажет. Парламент пен Үкіметтің қызметі мемлекеттік тілде жүргізілуге тиіс. Сондай-ақ, бұл мәселе бойынша азаматтардың құқығын шектеуге болмайды. Бұл ретте ілеспе аударма жасау мүмкіндігі бар, – деген.

Оқи отырыңыз: Апострофтан құтылғанда акут шықты

Нұрсұлтан Назарбаев екі жыл бұрын ресми мекемелерде мемлекеттік, яғни қазақ тілінде ғана жауап беру үрдісін сынаған еді. 2016 жылғы 16 ақпанда Алматыдағы бір жиында: "Маған жеткен ақпараттар бойынша, орыс тілді адам мекемелерге барып орысша сөйлесе, ол қазақша жауап алады. Кім бұған рұқсат берді? Прокуратура неге Қазақстан заңдарының бұзылуын тексермейді? Егер ол орысша өтініш жасаса – орыс тілінде жауап алуы тиіс..." деген болатын. Президенттің пікірінше, билік өкілінен өтініш жасаған тілде жауап ала алмау - "заңсыздық". Назарбаевтың бұл сөзін әлеуметтік желі қолданушылары түрліше қабылдап, әрқалай түсініктеме бере бастаған.

Ол кезде министр Абаев Facebookтегі парақшасында арнайы пост жазып, президенттің пікіріне қатысты: "Тіл туралы" заңда "мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелердің азаматтардың өтініші мен басқа да құжаттарға жауабы мемлекеттік тілде немесе қатынас тілінде беріледі" деп жазылған. Шенеуніктердің заңның бір жағын ғана орындайтын кездері кездеседі. Президент осындай мемлекеттік қызметкерлерге ғана қарата сөйледі" деп жазған.

Ал бүгінгі, 26 ақпандағы кездесуде президент Назарбаев министр Абаевқа латын таңбалы әліпбиге "кезең-кезеңмен көшудің маңыздылығын" айтып, "қазақ тілін үйрету әдістемелерін жетілдіру мәселелерін жан-жақты зерттеуді" тапсырған.

Былтыр 27 қазанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілі әліпбиінің латын графикасындағы жаңа түрі – апострофты нұсқасын бекіткен. Жарлықпен бекітілген қазақ тілі әліпбиінің латын графикасындағы нұсқада қазақ тіліне тән кейбір дыбыстар және тағы бірнеше әріп апостроф (дәйекше) арқылы белгіленген болатын. Бұл нұсқа әлеуметтік желілерде қатты сынға ұшырап, бірқатар белгілі лингвистер жаратпай қалған. Биылғы 19 ақпанда президент латын графикалы қазақ әліпбиінің апострофсыз, бірақ акут таңбалы нұсқасын бекіту туралы жарлыққа қол қойған.

XS
SM
MD
LG