Accessibility links

Прокуратура «тұтқынды азаптау» шағымы бойынша іс қозғаудан бас тартты


Сот залында отырған жаза өтеуші Берік Әбдірахманов. Ақтөбе, 30 қараша 2017 жыл.
Сот залында отырған жаза өтеуші Берік Әбдірахманов. Ақтөбе, 30 қараша 2017 жыл.

Ақтөбе облысының прокуратурасы тұтқын Берік Әбдірахмановтің әйелі Гүлім Әбдірахманованың күйеуін «тергеу абақтысында азаптағаны» туралы арызы бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тартты. Әбдірахманованың айтуынша, күйеуін ақпанның басында Ақтөбедегі КА-168/1 мекемесінде абақты қызметкерлері азаптаған. Іс қозғаудан бас тартылғаны туралы Ақтөбе облысы прокурорының орынбасары Ғалымжан Тілеубаевтің Гүлім Әбдірахмановаға жазған хатында айтылады.

Прокурор Тілеубаев хатында абақты басшысының тұтқын Әбдірахманов «жазасын өтеу ережесін өрескел бұзды» деген 4 ақпанда шығарған қаулысына сілтейді. «Сотталушы Берік Әбдірахмановтың заң бұзғаны тәркіленген заттармен, бақылау камерасындағы бейне жазбамен, абақты қызметкерлері К. Ержанғалиев, А. Күзенбаев және А. Жұмағалиевтің рапорттарымен және арнайы құралдарды қолдану актісімен (яғни тұтқынды дубинкамен соғу) расталып отыр» деп жазады облыс прокурорының орынбасары.

Прокурордың айтуынша, Әбдірахмановты тәртіптік абақтыда (карцер) ұстау және оған резеңке таяқты қолдану заңды. Прокурор бұған қоса 3-4 ақпан күндері Әбдірахмановтың азапталғаны туралы факт де «расталмағанын» айтты. Оның сөзінше, Гүлім Әбдірахманова егер жауапқа көңілі толмаса, сотқа шағымдануға хақы бар.

Гүлім Әбдірахманова 5 ақпан күні бас прокурорға түрме қызметкерлері күйеуін«азаптап, сосын карцерге жапты» деп шағымданған. Ол арызында күйеуінің тамырлары түйнеліп, кеңейетінін, сол себепті оған ұзақ уақыт тікесінен тік тұруға болмайтынын айтқан. Ол сонымен қатар күйеуінің екі рет туберкулезбен ауырғанын, сондықтан сызды және салқын жерде отыруға болмайтынын мәлімдеген.

16 ақпанда Гүлі Әбдірахмановаға бас прокуратурадан жауап хат келген. Онда Әбдірахманованың шағымы Ақтөбе олысының прокуратурасының қарауына жіберілгені айтылған. 17 ақпанда Берік Әбдірахманов Ақтөбеден Қостанайға этаппен жеткізілген.

24 қаңтар күні Берік Әбдірахманов «терроризмді насихаттады» деген айыппен бес жыл алты айға сотталған. Ол сот үкіміне шағымданбағандықтан, үкім 9 ақпан күні күшіне енген.

7 ақпан күні Ақтөбе облыстық сотының апелляциялық алқасы Берік Әбдірахмановтың өзіне қатысты басқа сот үкімін жою туралы шағымын қанағаттандырудан бас тартқан. 2017 жылдың 22 желтоқсанында Ақтөбе қалалық соты Әбдірахмановты түрме қызметкерлерінің бұйрығына бағынбадыдеп айыптап, екі жыл бас бостандығынан айыру жазасын кескен. Әбдірахманов өзіне тағылған айыпты мойындамайды және бұл үкімді заңсыз деп санайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Түрмедегі Берік Әбдірахмановтың тағдыры

2009 жылы "терроризмді насихаттау" айыбымен алты жылға сотталып, түрмеде отырған Берік Әбдірахманов басқа да айыптармен бірнеше рет сотталып, түрме жазасы ұзартылып келеді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG