Accessibility links

Энергетика вице-министрі "қаржы жымқыру" күдігімен ұсталды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

"Қазақстан энергетика вице-министрі Ғани Садыбеков пен тағы бірнеше адам қаржы жымқырды деген күдікпен ұсталды" деп хабарлады Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының баспасөз қызметі.

Ұлттық бюро ақпаратына қарағанда, Ғани Садыбеков Щучинск-Бурабай шипажай аймағындағы көлді тазалауға бөлінген мемлекет қаржысын жымқырған.

«Энергетика вице-министрі Ғани Садыбеков «Аймақ» мердігер ұйымының басшысы Д. Дуанбекпен астыртын сөй байласып, Щучинск-Бурабай шипажайы аймағындағы көлді тазалауға бөлінген аса ірі көлемдегі бюджет қаржысын жымқырған. Қылмыстық қитұрқылыққа министрлік департаментінің басшысы Ж.Нұрбеков және мердігердің өкілдері С. Жұмалинов пен Б. Қадырберлин де қатысқан» делінеді бюро хабарламасында.

Ресми мәлімет бойынша, Садыбеков 2017 жылы қол қойған жалған акті бойынша энергетика министрлігінен атқарылған жұмысқа 3,6 миллиард теңге артық төленген. Бұл қаржының 1 миллиард теңгеден астамы жымқырылған. "Жымқырылған қаржы тінту шаралары кезінде тәркіленген".

Ұлттық бюро бұл факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын айтады.

XS
SM
MD
LG